Заңсыз аң аулаушылардың қатары азаймай тұр
Биыл былтырмен салыстырғанда түз тағысын заңсыз атқандардың саны артқан. Жыл басынан бері мұндай 2 мыңға жуық дерек тіркелген, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Осыған байланысты соңғы жылдары қызыл кітап қалыңдап, аң-құстың қатары сиреп бара жатқан көрінеді.
Табиғаттың тірі байлығын сақтау үшін қорықшылар сирек кездесетін аң-құсы бар аймақтарды үнемі шолып отырады. Алайда жаза күшейгенімен заңсыз аң аулау тыйылмай тұр, дейді мамандар.
«Жануарлардың сирек және жойылып кетуі қауіпі бар деген тізбесі бекітілген. Сол тізбеге енген жануарларды атуға, аулауға, ғылыми қызметтерден басқа аулауға тыйым салынады. Аталған тізімге жануарлардың 228 түрі кіреді. 2021 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қазақстан аумағында браконьерлердің қолынан 5 дана қарақұйрықтардың дене тушалары тіркелді», - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы Бақытжан Исахаев.
Былтыр елде пандемияға байланысты заңсыз аң аулау деректері азайыпты. Ішкі істер министрлігінің өкілдері осылай дейді. Алайда биыл аң-құсты рұқсатсыз атқандардың саны қайтадан артып барады.
«Заңсыз аң аулаудың алдын алу үшін бірқатар шаралар қолданып жатыр. Биыл аң аулау ережелерін бұзудың 5 мыңнан астам фактісі анықталып, оның 80-і бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - дейді ҚР ІІМ Әкімшілік саясат комитеті басқармасы бастығының орынбасары Руслан Қаржаспеков.
Айта кетейік, екі жыл бұрын Қазақстанда браконьерлерге қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейген. Жаңа нормаларға сәйкес, заңсыз аң аулаған азамат 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларға қарсылық танытып, тіпті күш көрсететіндер 10-нан 15 жылға дейін сотталады.