Ақтөбенің іргесіндегі елдімекенде жылу жоқ
Орталық жылу магистралінде әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Қарғалы ауылы тұрғындарының жылу таратушы мекемеге өкпесі қара қазандай, деп хабарлайды Астана арнасы. Жаз бойы жөнделмеген құбырларды күздің қара суығында көре қалды дейді ашынған жұрт. Соның кесірінен елдімекенде елуден астам отбасы суық үйде сырт киіммен ұйықтауға мәжбүр.
Аудандағы мыңнан астам бала оқитын мектепте де жылу жоқ. Кейбір сабақтар онлайнға ауыстырылған. Негізгі пәндер ғана мектепте өтеді. Бірақ бүгін электр жарығы да сөніп қалғандықтан оқушыларды амалсыз үйлеріне қайтардық дейді директор. Жұрт жаппай электрлі жылыту құралдарын қолданып, желілер шамадан тыс жүктемеге шыдамай, істен шығып жатқан көрінеді.
Ал жылу таратушы кәсіпорын үшін барлық проблеманың себебі - тендер. Құбырды жөндейтін мердігер мекемені анықтау үшін көктемнен бері бірнеше рет мемлекеттік байқау жарияланған. Бірақ, жеңімпаз тек тамызда анықталған. Ескі құбырды қазып шығару жұмыстары қыркүйекте басталса да, жаңа құбырдың бағасы бірнеше рет өсіп кеткен, ал компания қажетті материалды кеш сатып алған, дейді бас инженер. Бұл кемшіліктер үшін мердігер де, коммуналдық мекеме де Қарғалы халқынан кешірім сұрады.
Енді қазір мердігер мекеме осы жетінің аяғына дейін жетпеген құбырдың орнына көнесін уақытша салып, жылу береміз деп уәде беріп отыр. Коммуналдық кәсіпорын өкілі 22 қазанда үйлерге жылу беріледі деді.