«Жастардың көбі әлжуаз». Академик ұлттық тағамның насихаты жайында айтты
Қымыз, шұбат, айран, ірімшік, құрт, бауырсақ және еттің пайдасы жайлы
Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов Facebook желісіндегі парақшасында ұлттық тағам бірінші тұруы және насихатталуы тиіс екенін ескертті.
«Біз күні кешеге дейін халықты тамақтандырудың ұлттық ерекшеліктеріне көз жұма қарап келдік. Мәселен, ұзақ жылдар бойы дастарханымызда еуропалық тағам түрлерінің шектен тыс басым болғаны белгілі. Қазақтардың, көрші көшпенді елдердің дастарханының негізгі ас мәзірінде ет болғанын білсек те, білмегенсідік. Халықтың өз болмысындағы осы бір дәстүрдің сақталмауынан адамдардың бойында биологиялық ауытқушылықтардың да ұдайы болатыны ғылыми жолмен дәлелденді. Екіншіден, салыстырмалы түрде бұрын ет, қымыз, құрт, ірімшік, май, т.б. тағам түрлері басым еді. Қазір бұл тағамдарды тұтыну қымбатқа түседі. Көпшіліктің қолы жете бермегендіктен, халық қолы жеткен асқа қанағат етеді. Бұл өзекті мәселе», - деп жазды.
Тағамтанушы ғалымның айтуынша, әрқашан ұлттық тағам бірінші тұруы және насихатталуы тиіс. Қымыз, шұбат, айран, ірімшік, құрт, бауырсақ, ет секілді қазақтың қанына сіңген ұлттық тағаммен азықтану рухани байлықты бойға жинау мен денсаулықты мықты етуге көмектеседі.
«Ұлттық тағамнан алыстап кеткендіктен, бүгінде жастардың көбі әлжуаз. Ал, бұрын бабаларымыз бойшаң, ойшаң, ірі болатын. Мұның сыры ұлттық тамақта. Бұл өзім басқаратын лабораторияда тексерістен өтіп, ғылыми жолмен дәлелденген», - деп жазды тағамтанушы.