Қызылшамен ауырған адамдарда коронавирусқа қарсы иммуниет бола ма?
Қазақстандық маман әлеуметік желілерде тараған ақпаратқа жауап берді
Әлеуметтік желілерде желшешекпен немесе қызылшамен ауырған адамдардың COVID-19 вирусына қарсы иммунитеті бар деген пікірлер айтылуда. Мамандар бұл болжамды жоққа шығарды, деп хабарлайды ақпараттың рас-өтірігін анықтайтын stopfake.kz интернет-ресурсы.
Мұндай жаңсақ пікір ресейлік иммунолог, медицина ғылымдарының кандидаты Алексей Поповичтің Ukraina.ru порталына берген сұхбатына негізделіп тарап жатыр.
Шын мәнінде, Алексей Попович Ресейдің бесінші арнасына сұхбат берген. Әңгіме барысында ол желшешек немесе қызылшадан кейін коронавирус инфекциясына төтеп беретін иммунитет болатыны туралы қауесеттің тарауына еш негіз жоқ екенін айтқан.
Қарағанды медицина университетінің жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Роза Бегайдарова да осындай пікірде.
«Желшешек пен қызылша коронавируспен байланысты емес. Бірақ қазір коронавирустың ауыр және орташа ауыр түрімен ауырғандарда 6-8 айға дейін иммунитет қалыптасады деген жаңа мәліметтер түсіп жатыр. Ал аурудың жеңіл түрімен немесе симптомсыз ауырғандардың иммунитеті қысқа уақытқа сақталады. Сондай-ақ, егер адамға суық тисе немесе ол тұмаумен ауырса, лимфоциттер кейбір вирустарды тоқтата алады деген болжам бар. Бірақ бұл гипотеза және ол расталмаған», – деді профессор.