Бүгін, 12:27
Қоғам

«Кім, қашан және қандай шара қабылдаған»: Аймағанова Астанада экс-күйеуі өлтірген Жазира Адауованың ісін Сәденовтің есіне салды

Депутат ішкі істер министрінің атына депутаттық сауал жолдады

«Кім, қашан және қандай шара қабылдаған»: Аймағанова Астанада экс-күйеуі өлтірген Жазира Адауованың ісін Сәденовтің есіне салды
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат, «Әділет» фракциясының депутаты Айжан Аймағанова ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық әлі де тоқтамай тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Депутат ең алдымен бұл мәселені шешуде тіпті президенттің арнайы Жарлығы бар екенін еске салды. Яғни, биыл 16 наурыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев №1204 Жарлығы арқылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін Үкіметке нақты шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

Аймағанова атап өткендей, бұл міндетке «Әділет» партиясы да өзінің сайлауалды бағдарламасында
ерекше  мән берген.

Әрине, депутат атап өткендей, Қазақстан әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында маңызды шаралар қабылдап-ақ жатыр: жаза күшейді, алдын алу тетіктері кеңейді. Алайда, Аймағанова атап өткендей, қайғылы жағдайлар тоқтамай тұр.

«Соңғы бірнеше айдың өзінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиға болды. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан қаза тапты. 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы жұбайы өлтірді. Осы орайда қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді деген маңызды сұрақ туындайды. Оған қажетті құқықтық та, цифрлық та мүмкіндіктер бізде бар», - дейді депутат.

Сондықтан, ендігі міндет - сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қауіпті дер кезінде анықтау және адамның өмірі мен қауіпсіздігін қорғау. Бұл ретте Аймағанова мысал ретінде Франциядағы тетікті атап өтті.

«Бұл үшін жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ. Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың қажетті тетіктері қазірдің өзінде бар», - дейді Аймағанова.

Сондықтан, ол ішкі істер министрі Ержан Сәденовке нақты ұсыныстарын айтты:

  • Бірінші. Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу тиіс.
  • Екінші. Қауіп туралы сигнал түскен кезде полицияның нақты не істеуі керектігін белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажет.
  • Үшінші. Әрбір қауіп сигналы және сол бойынша қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуге алынуға қажет. Бұл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты көруге мүмкіндік береді.

«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру үшін қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, оның алдын алуымыз керек», - деді сөзін түйіндеген ол.