«Жеті басшы мен бір судья сотталды». Агенттік 20 тұлғаға қатысты сот үкімін жариялады

Қылмыстық істер бойынша 20 адамға қатысты 15 сот үкімі шықты

«Жеті басшы мен бір судья сотталды». Агенттік 20 тұлғаға қатысты сот үкімін жариялады
Фото: Батыржан Беспаев

Бүгін «AntikorNEWS» шығарылымының тікелей эфирі барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аға тергеушісі Қайсар Баржақсынов қылмыстық сот үкімдерін мәлімдеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі анықтаған қылмыстық істер бойынша 20 адамға қатысты 15 сот үкімі шықты. 7 тұлға бас бостандығынан айырылды, 5 тұлғаға қатысты бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. 8-іне айыппұл салынды, айыппұлдың жалпы сомасы 59,3 млн теңгені құрады. 7 басшы мен 1 судья сотталды.

Мәселен, 2020 жылдың 29 шілдесінде Алматы қаласының Әуезов аудандық сотының үкімімен, Бостандық аудандық сотының судьясы Е. Оспанова 4 жылға бас бостандығынан айрылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды. Ол азаматтық іс бойынша ЖШС-ның пайдасына қарай оң шешім шығарғаны үшін 3 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.

2020 жылдың 16 шілдесінде Талдықорған қалалық соты келесі тұлғалардың әрқайсысына 21 миллион теңге көлемінде айыппұл салды және олар мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды:

  • Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Т. Әбілқасымов;
  • Аталған инспекцияның шекара бекеттерін бақылау бөлімінің басшысы Д. Карашев.

Олар жоғарыда аталған инспекцияға азаматты жұмысқа тұрғызу үшін 2 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.

2020 жылдың 20 шілдесінде Алматы қаласының Медеу аудандық соты Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» ШЖҚ РМК бас директоры Б. Тултаевты РМК ғимаратында түсіру алаңын жалға беруде пара алғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырды. Осы үкіммен пара алу кезінде делдал болған РМК-нің бухгалтерлік есеп және қаржы-экономикалық қызмет бөлімінің бас экономисі А. Асылбаев 2 жылға бас бостандығынан айырылды және аталған бөлімнің бас есепшісі А. Абдулинаға 1,6 миллион теңге айыппұл салынды. Жоғарыда есімдері аталған сотталғандар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.

2020 жылдың 27 шілдесінде Павлодар облысының Железин аудандық соты «Железин ауданының орталық кітапханалар жүйесі» КММ директоры М. Адамова мен бас есепші В. Ефимоваға үкім шығарды. Оларға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырумен қатар, 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу қою жазасы тағайындалды.

Адамова мен Ефимова карта шоттарына негізсіз аудару арқылы 2,4 миллион теңге сомасындағы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген болатын.

2020 жылдың 20 шілдесінде «Сарыарқа» ауданының № 2 соты «Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің №18 орта мектебі» КММ-нің директоры Б. Қадырованы соттап, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырумен қатар 2,5 млн теңге айыппұл салды. Ол 2020-2021 оқу жылында қосымша оқу сағаттарын қысқарту мен алу және жалпы қамқорлығы үшін мұғалімнен 100 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.

2020 жылғы 22 шілдеде Қордай аудандық соты Жамбыл облысы Қордай ауданы Қарасу ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қ. Айтпаевтың 1 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. Ол «көшені грейдермен тегістеу» объектісі бойынша нақты орындалмаған жұмыстар үшін төлемді аудару кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді, осылайша, ол мемлекетке 1,7 миллион теңге көлемінде залал келтірді.

2020 жылдың 29 шілдесінде Қостанай қаласының №2 соты Қостанай облысы әкімдігі Білім басқармасының «Ақпараттандыру және білім сапасын бағалау орталығы» КММ-нің басшысы А. Павличенкоға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салумен қатар, 100 мың теңге көлемінде айыппұл салды (яғни, параның мөлшерінен 10 есе көп).

Ол Қостанай қаласы әкімдігінің Білім бөлімінің лауазымды тұлғасына білім саласындағы келісімшарт бойынша кезекті төлемді ЖШС-ға жедел аудару үшін 10 мың теңге көлемінде пара берді деп күдіктелді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.