$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.07.2020, 10:36
Қоғам

Арыс тұрғындары карантинге қарамастан, бір күнде үш той өткізген

Түркістан облысының полицейлері карантин талаптарын бұзған 500-ге жуық жағдайды анықтады.

Арыс тұрғындары карантинге қарамастан, бір күнде үш той өткізген
Фото: polisia.kz

Түркістан облысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің бұзылуы) бойынша 472 құқықбұзушылықты анықтады, оның ішінде 15 жайт – үйлену тойы мен отбасылық жиындарды ұйымдастыру. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

Тәртіп бұзушыларға қатысты полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырды. Жинақталған ақпараттар шешім қабылдау үшін тиісті органға жіберілді.

Арыста бір күн ішінде отбасылық және үйлену тойларын ұйымдастырған үш жағдай тіркелген. Монтайтас тұрғындарының бірі коронавирус инфекциясының таралу қаупі мен карантинге қарамастан, үйінде «қыз ұзату» жасаған. Дәл сол күні ауылда үйлену тойы мен «беташар» өткізген екі жағдай тіркелген.

Той ұйымдастырушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар жасалды. Барлық анықталған жайттар бойынша материалдар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Арыс қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберілді.

Серіктес жаңалықтары