Бүгін, 13:25
Қоғам

Тоқаев бес жыл ішінде қазақстандықтар «е-Өтініш» жүйесіне неше рет арыз жазғанын айтып берді

Президенттің айтуынша, бес жылдың көрінісі – мемлекет халық алдында ашық бола бастағанын көрсетіп отыр

Тоқаев бес жыл ішінде қазақстандықтар «е-Өтініш» жүйесіне неше рет арыз жазғанын айтып берді
Фото: gov4c.kz

Қазақстанда кез келген азамат үйінде отырып, кез келген мемлекеттік органға арыз-шағымын жаза алатын «е-Өтініш» онлайн платформасына 16 миллион өтініш жазылғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, бүгін президент «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда сөз сөйледі.

Ол әділеттік орнату үшін мемлекет қоғам үшін ең алдымен ашық болу керегін айта келе, ол үшін не істеліп жатқанын түсіндірді.

«Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берген «е-Өтініш» онлайн платформасы іске қосылды, яғни, азаматтардың өтініштерін мейлінше ашық әрі тиімді қарап, жедел шешім қабылдау тәсілі қалыптасты. Бұдан бөлек, бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтуға және жұртшылықтың ой-пікірін ескеруге мол мүмкіндік берді. Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның айқын көрінісі», - деді Тоқаев.

Президент 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін қабылдау қажеттігін айтқанын еске салып,  осы мақсатты орындау үшін 2021 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енгенін де тілге тиек етті.