Назарбаев коронавирустан қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты
Ол бұл қиындықты ел болып еңсеретінімізге сенім білдірді
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы коронавирус індетінен қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.
«Құрметті қазақстандықтар! Бүгінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келіп отыр. Қауіпті індет біздің қалаларымыз бен ауылдарымызға тарап, өкінішке қарай, адам өлімі болып жатыр. Мемлекет басшысының шешімімен 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу – Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Алапат дерт біздің адамдарымыздың өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр», - деп жазылған хабарламада.
Елбасы әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның – әкелер мен аналардың, қыздарымыз мен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұрғанын айтты.
«Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Біз береке-бірлік пен тұтастықтың арқасында талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да ел болып еңсереміз деп сенемін»,-делінген көңіл айту хабарламасында.