Алиментті өндіруге асықпаған сот орындаушылары енді лицензиясынан айырылады
Жаңа заң 8 тамыздан бастап күшіне енеді
Қазақстанда алиментті өндіріп алу процесін созып алған жеке сот орындаушылары енді лицензиясынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы биыл 27 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Заңда атқарушылық іс жүргізудің сапасын жақсарту жолымен азаматтардың құқықтарын қорғау мен уақытылы іске асыруға назар аударылған.
«Қабылданған түзетулермен жеке сот орындаушыларының алименттерді, жалақыны, зейнетақыларды, жәрдемақыларды өндіріп алу туралы, азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы атқарушылық құжаттарды орындауының басымдығы бекітілді. Бұрын кейбір жеке сот орындаушылар оларды аса қызықтырмағандықтан, мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану мерзімін созатын жағдайлар болатын. Енді мұндай іс жүргізу бойынша бір ай ішінде мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамауы жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айыруға әкеп соғуы мүмкін», - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Бұдан басқа, мемлекеттік еңбек инспекторының жалақыны төлеу туралы ұйғарымына атқарушылық құжат мәртебесі беріледі. Бұл шара құқықтарын жұмыс беруші бұзған азаматтарға жалақыны өндіріп алу мәселелерін тез шешуге, сотқа жұмсалатын уақыты мен сот шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Заң 2020 жылғы 8 шілдеде, алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енді.