Маңғыстау облысында автобус апатынан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Елу адам мінген көлік бүгін түнде аударылған
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы Ақтау – Бейнеу автожолында болған апаттан зардап шеккендердің жағдайы туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жол апатынан зардап шеккен 42 адам Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасына жеткізілген.
«4 адам — жансақтауда, 13-і — травматология бөлімінде жатыр, қалғандары амбулаторлық емге жіберілді», - делінген хабарламада.
Барлық пациентке қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Жағдай тұрақты бақылауда, деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасы.
Естеріңізге салайық, 16 қаңтарға қараған түні Ақтау – Бейнеу автожолында жолаушылар автобусы аударылып, 4 адам оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалып, қылмыстық іс қозғалды.