Тоқаевқа қатысты 30 жыл бойы құпия сақталған құжат табылды
Оны Британия мұрағатынан Әзербайжан тарихшысы тапқан

Әзербайжан тарихшысы Джемиль Ғасанли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Британияның Ұлттық мұрағатынан Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туралы құжат тауып, оның фрагменттерін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отыз жыл бойы құпия сақталған материалда Тоқаевтың 1190-шы жылдардағы қызметі, яғни, Қазақстанның сыртқы істер министрі кезіндегі қызметі туралы жазылған.
«1994 жылы Тоқаевты Қазақстанның Сыртқы істер министрі етіп тағайындағанда, Британияның форин-кеңсесі (Британияның сыртқы саясат ведомствосы, Британия үкіметінің бір департаменті - агенттік) Тоқаев туралы қызық материал әзірлеп, Тоқаевты «өте дайындалған кадр» деп жазған. Олардың болжамы дәл келіпті – Тоқаев қазір кеңестік кезеңнен кейінгі елдердің өз халқын адам құрлы санамайтын, жемқорлыққа батқан және авторитарлы диктаторларынан бөлек», - деп жазған Ғасанли.
Қазақстандағы саяси сарапшы Ғазиз Әбішев болса Тоқаев туралы бұл материал Британия басшылығы үшін дайындалған болуы мүмкін деп санайды. Айта кетейік, құжат 1995 жылы қарашада жазылып, осы уақытқа дейін құпия сақталған.
«Жалпы, қандай да бір саяси тұлға туралы бұндай анықтама жинау көп саяси дипломатиялық қызметтерінде бар тәжірибе. Британияның бұл анықтаманы дайындаған мамандары сол кезде Тоқаевтың ағылшын, француз және қытай тілдерін білетін қабілетін атап өткен», - деп жазады Әбішев.