Сарапшы: ШЫҰ-ның мақсаты – әлемді бөлу емес, керісінше, біріктіру
ШЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстаннан Қытайға ауысады
Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттің басшылары Астанада бас қосып жатыр. Саяси сарапшы Ерлан Ахмеди ұйымның мақсаты мен жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Саммит кулуарында журналистер сарапшыдан ШЫҰ-ға Батыс елдері мен АҚШ қалай қарайтынын сұрады. Ахмедидің айтуынша, ШЫҰ адамзатты бөлуді емес, диалог арқылы келісімге келіп, біріктіруді көздейді.
«Ең бастысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының мақсаты – әлемді бөлмеу, керісінше, бірлікке шақыру. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті әлем – біртұтас адамзат баласы» деген ұсынысы бар. Сонымен қатар Қытай басшысы Си Цзиньпиннің «адамзат баласы үшін біртұтас тағдыр» деген ұсынысы бар. Яғни былай қарсаңыз үндес. Қазір баршамызға белгілі, геосаясатты әлемді глобалды солтүстік, глобалды оңтүстік деп бөледі. ШЫҰ-ның мақсаты әлемді бөліп-жармау, керісінше, біріктіріп, диалог арқылы үстел басында бұл мәселелерді шешу», - деді Ерлан Ахмеди.
Оның айтуынша, бүгін қабылданатын Астана декларациясында ұйымның алдағы уақыттағы іс-қимылы мен жоспарлары көрініс табады. Сонымен қатар экономика, мәдени гуманитарлық мәселелер, жаңа технологиялардың дамуы – барлығы бұл құжатта көрініс табады.
Осы жолы Қазақстан ұйымға төрағалықты Қытайға тапсырады.
«Бұл ұйымның мақсаты, бағдарламалары біздің мүддемізге сай, яғни, көпвекторлы сыртқы саясатымызға сай. Әрине жыл сайын осы саммит өтеді. Ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы төрағалық жасайды. Былтыр біз төрағалықты Үндістаннан қабылдасақ, осы жылы Қытайға тапсырамыз. Ал бұл төрағалықтың жоспарлары қандай болатынын Қытай тарапы өзі айтады. Әрине жаңағы декларацияда қамтылған сұрақтарды дамытып, нақты жоспарларды ұсынады», -деді сарапшы.