Қазақ-корей ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз - Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль шағын құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің шақыруын қабыл алып, елімізге сапармен келгені үшін кореялық әріптесіне алғыс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сондай-ақ мұны екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген шынайы ниеттің айқын көрінісі деп бағалайтынын жеткізді.
«Бүгінгі сапардың қос тарап үшін де мән-маңызы зор. Корея Республикасы – біз үшін сенімді серіктес әрі стратегиялық әріптес. Екі елдің достық дәстүрге негізделген қарым-қатынасы тереңнен тамыр тартады. Біз барлық деңгейде тығыз байланыс орнаттық. Күн тәртібіндегі мәселелер іскерлік рухта және сындарлы негізде шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бұл – ортақ күш-жігердің жемісі. Ауқымды экономикалық жобаларды іске асырдық. Инвестициялық ықпалдастық жылдан-жылға нығайып келеді. Қазір Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз қарқынды дамып жатыр. Қазақстандағы корей диаспорасы бұл үдерісте маңызды рөл атқарады. Оны екі халықтың арасын жалғап отырған алтын көпір деуге болады. Біз осы жетістіктерді еселеп, қазақ-корей ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз. Бұл сапар екі елдің ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.