11 сағатқа созылған отырыста ОПЕК+ қатысушылары бір келісімге келе алмады
Қазақстан тарапы мұнай өндіруді қысқартуға қатысуға дайын екенін жеткізді
9 сәуірде өткен ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер министрлерінің келіссөздері бейнеконференция форматында өтті. Өз сөзінде ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Қазақстан сындарлы диалогтың жақтаушысы болғанын және болып қала беретінін атап өтті. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Энергетика министрі ОПЕК+ форматындағы мұнай өндіруші елдер арасындағы диалогты қайта бастау маңызды оқиға екенін және бұл отырыс әлемдік мұнай индустриясы тарихында өз орнын алады деп есептейтінін айтқан.
«Әлемдік экономикалық өсімнің баяулауы жағдайында мұнайға деген сұраныстың төмендеуі бағаның одан әрі төмендеуіне, сонымен бірге әлемдік мұнай өндірісінің төмендеуіне жағдай жасайды. Негізгі мұнай өндіруші елдер арасында үйлесімді іс-қимылдың болмауы онсыз да күрделі жағдайды қиындата түсуде», - деді Ноғаев.
Министр Қазақстан ОПЕК+ келісімінің қатысушысы бола отырып, әрқашан өз міндеттемелерін орындағанын атап өтті.
«Қазақстан ОПЕК+ келісімі шеңберінде өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындай отырып, әрдайым сындарлы диалогты қолдайды. Алдағы келіссөздердің қорытындысы бойынша оң нәтижелерге қол жеткізіледі деп үміттенеміз. Бұл ретте, әлемдік мұнай нарығында бағаның құлдырауына тек ОПЕК+ елдерінің күш-жігері жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр, қалыптасқан жағдай нарықтағы барлық елдердің белсенді атсалысуын қажет етеді. Біз өз кезегімізде бүгінгі күн тәртібінің өзектілігін түсінеміз және мұнай өндіруді жалпы қысқартуға қатысуға дайынбыз», - деді Нұрлан Ноғаев.
11 сағатқа созылған келіссөздер нәтижесінде, тараптар қандай да бір келісімге келе алған жоқ. Қазақстан өз кезегінде алдағы уақытта мұнай өндіру көлемін қысқарту бойынша коллективті ортақ шешім қабылданады деп үміттенеді, бұл шара өз кезегінде мұнай индустриясына оң әсерін тигізеді.