Президентке әділет органдарының биыл атқарған жұмысының қорытындысы жөнінде баяндалды
Мемлекет басшысы Әділет министрі Азамат Есқараевты қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа әділет органдарының биылғы 9 айда атқарған жұмысының қорытындысы мен алдағы жоспары жөнінде баяндалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына қабылданып жатқан заңнамалық шаралар, атап айтқанда Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстерін оңтайландыру үшін әзірленген заң жобалары, сондай-ақ әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері жөнінде мәлімет берілді.
Бұдан бөлек, Президентке азаматтық хал актілерін тіркеу, жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтар, нотариаттық, адвокаттық қызметтер, атқарушылық іс жүргізу салаларындағы жаңалықтар және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау шаралары туралы айтылды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Азамат Есқараевқа «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңды жүзеге асыруға қатысты заңға тәуелді актілерді жедел қабылдау үшін Бас прокуратурамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды. Сонымен қатар Президент заңдар мен заңға тәуелді актілерді қабылдау кезінде мүдделі мемлекеттік органдармен үйлесімді жұмыс істеп, Конституция талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.