ҚР Президенттігіне кандидаттың үгіт-насихат жұмыстарына қанша қаражат жұмсалатыны белгілі болды
Қаражат үміткерлердің сайлау алдындағы жария шараларын өткізу, үгіт-материалдарын шығару және көлікке жұмсайтын шығыстарын жабады

2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлері белгілі болды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды.
ҚР-дағы «Сайлау туралы» конституциялық заңының 28 бабы 3 тармағына сәйкес Мемлекет қандидаттарға Бұқаралық ақпарат құралдарына бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін тең қаражат бөлуіне кепілдік береді. Кандидаттарға қаражат бөлу тәртібі мен көлемін ОСК айқындайды.
«Кандидаттарға БАҚ-қа шығу үшін қаражат бөлу қағидалары мен көлемдері туралы ОСК 2018 жылғы 25 тамызындағы қаулысына сәйкес кандидаттарға өз бағдарламаларымен БАҚ-та шығу үшін теледидардан 15 минут, радиодан 10 минут, мерзімді баспасөз басылымдарда немесе желілік басылымдарда 0,1 бір баспа парақтан аспайтын көлемде екі мақала жариялау үшін бірдей көлемде қаражат бөліну көзделген», - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина.
Сонымен қатар, биыл кезектен тыс өтетін Президенттік сайлауға түсетін кандидаттарға республикалық бюджеттен қанша қаражат бөлінетіні белгілі болды. Қаражат үміткерлердің сайлау алдындағы жария шараларын өткізу, үгіт-материалдарын шығару және көлікке жұмсайтын шығыстарын жабады. Шығыс сомалары Орталық сайлау комиссиясымен белгіленген.
«Осы айтылғанның негізінде ОСК 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында ҚР Президенттігіне кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлерін белгілеу туралы қаулысының жобасын дайындады. Қаулының жобасымен ҚР Президенттігіне кандидаттың шығыстары мөлшері 10 312 600 теңге көлемінде белгіленіп отыр. Бағдарламаны теледидар, радио арқылы баяндау және мерзімді/желілік басылымдарында екі мақала жариялауға 9 012 600 теңге, сайлау алдындағы жария іс шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығаруға 800 000 теңге, көліктік шығыстарға 500 000 теңге жұмсалуы тиіс», - деді Сабила Мұстафина.