Қазақстанның сыртқы саясаты: тұрғындарға Орталық Азия тақырыбы бұрынғыдан маңыздырақ
Бұл тұжырымды жүргізілген зерттеу нәтижелері растайды

Орталық Азия – саяси тұрғыдан алғанда дүние жүзінің ең маңызды және күрделі аймақтарының бірі. Еуропаны Қытаймен, Ресейді Ислам әлемімен байланыстыратын бұл аймақ геостратегиялық орналасуы жағынан бірнеше ірі аймақтардың қауіпсіздік жүйелерінің түйіскен нүктесінде орналасқан. Сонымен қатар, бұл аймақ Ресей, Қытай, Еуропа, Үндістан, Иран, Пәкістан және Түркия сияқты ықпалды күштердің арасында тығыз орналасуы оның геосаяси рөлін де арттыра түсуде.
Ауғанстандағы жағдай, Каспий теңізі мәртебесінің әлі күнге дейін айқындалмауы, шекара мәселелері, бұған дейінгі Орталық Азия елдер арасындағы су және жер ресурстарына қатысты келеңсіздіктердің орын алуы, тіпті Шыңжаң мәселесі – аталған өңірдің қаншалықты күрделі екендігін көрсетеді.
Алайда, қазіргі турбуленттік жағдайда аймақта интеграциялық процесстер күшеюде деген пікірлер жиі айтылуда. Осы орайда, Қазақстанның сыртқы саясатын азаматтар қалай бағалап отыр? Қазақстандықтардың сыртқы саясат жайлы пікірі қандай және Орталық Азия туралы не ойлайды? Аталған тақырып аясында жүргізілген зерттеулерге жүгініп көрсек.
Құндылықтар, әлеуметтік мәселелерді зерттеу мақсатында Фридрих Эберт қоры жақында Қазақстан жастары арасында зерттеу жүргізген болатын. Зерттеудегі тақырыптардың бірі – біздің аймақтағы интеграция мәселесіне арналған.
Деректерге сәйкес, жастардың басым көпшілігі Қазақстанның аймақтық ынтымақтастығы мен болашағы жөнінде оң көзқарас танытқан. Таңғаларлығы, жастардың 52,4%-ы ғана Орталық Азия елдерінің ортақ құндылығы бар десе, 18,5%-ы мұны теріске шығарған (респонденттердің 28,5%-ы бұл сұраққа жауап бере алмаған). Қазақ жастарына қарағанда, орыс пен өзбек жастарының көпшілігі «Орталық Азия елдерінің ортақ құндылығы бар» деген пікір білдірген (тиісінше сұраққа «иә» деп жауап бергендер: орыс жастары – 61,2%, өзбек жастары –53,6% және қазақ жастары – 48,4% ). «Қазақстанның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы Қазақстанға пайдалы ма?» деген сұраққа жауап бергендердің 40,1%-ы «әрине пайдалы» десе, әрбір төртінші респондент «ішінара пайдалы» деген. Жастардың аз ғана бөлігі (7,8%) Қазақстанға бұл ынтымақтастықтан ешқандай пайда жоқ деген пікір ұстанады. Бұл сұраққа жауап бере алмағандар үлесі де аз емес – 26,6%. Этностық құрам бойынша талдайтын болсақ, орыс, өзбек жастарының үштен бірі, қазақ жастарының үштен бірі «Қазақстанға пайдасы жоқ» деген немесе жауап бере алмаған.
Фридрих Эберт қоры жүргізген зерттеудің нәтижесі
Осы тақырып төңірегіндегі дискуссиялардың маңыздылығын түсінген қазақстандыққ зерттеу орталығы «Стратегия» қоры 2008 жылдан бері қазақстандықтар арасында елдің сыртқы саясатына қатысты әлеуметтік зерттеу өткізіп келеді. Аталмыш зерттеу азаматтардың осы тақырып аясында пікірінің қаншалықты өзгергені жайлы түйін жасауға көмектеседі.
Зерттеу орталығының деректеріне сүйенсек, 2021 жылы (барлық облыстар мен үш қаладан 2000 респондент сауалнамаға қатысқан) әрбір төртінші қазақстандық үшін көпвекторлық саясат басым бағыт екені анықталған. Әрбір бесінші респондент Қазақстан сыртқы саясат жүргізу барысында тек өз мүдделеріне негізделу қажет деген. Әрбір алтыншы қазақстандық болса сыртқы саясатта Қазақстан ТМД елдері мен Ресейге басымдық беру қажет деп есептейді.
Сауалнама барысында әрбір жетінші нақты жауап бере алмаған
Зерттеушілердің айтуынша, бұл сұраққа жауап беруге қиналатындардың үлесі жылдан жылға артып келеді: олар 2008 жылы 6%-ды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 14%-ға жеткен. Бұл тенденцияны екі фактормен түсіндіруге болады. Әлеуметтік-демографиялық фактор: сыртқы саясатқа ден қоятындардың, яғни бұл тақырыпқа қызығушылық танытатын аға ұрпақтың сиреуі. Екінші себеп – сыртқы саясат тақырыбы аясында ақпараттың бұрынғыдай басымдыққа ие болмауы. Ақпараттық күн тәртіпте бұл тақырып ішкі саясат тақырыбының көлеңкесінде қалып қоюда дейді зерттеушілер. Тиісінше, азаматтар арасында Қазақстанның сыртқы саясаты жайлы пікір қалыптастыру бұрынғыдай оңайға соқпауы мүмкін.
Төменде берілген пікірлердің қайсысы Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдықтарын нақты көрсетеді деп ойлайсыз (2021 жылғы деректер)?
Егер де қор жүргізген зерттеулердің нәтижелерін салыстыратын болсақ, мынадай қызық фактіні байқауға болады: Қазақстанның сыртқы саясатында басымдық ретінде Орта Азиялық бағытты таңдағандар үлесі 7 есеге артқан (2%-дан 14%-ға дейін). Ресей мен ТМД елдерін приоритет ретінде көретіндердің үлесі, керісінше екі есеге азайған (2008-де 26% құраса, 2021 жылы 16% құраған). Зерттеу қорының айтуынша, Орталық Азия бағытын қолдаушылар санының артуы 2021 жылы тіркелсе, ресейлік векторды қолдаушылар үлесінің төмендеуі 2018 жылдан бері байқалып келеді.
2018 жылы Ресей мен ТМД бағытына деген қолдаудың азаюы Қазақстанның өзіндік даму жолы бар деп санайтындардың артуы есебінен болған – 2008 жылы 21%-дан 2018 жылы 35%-ға дейін ұлғайған («Қазақстан басқа елдерге бой түземеу керек, оның өзіндік жолы, мүдделері бар»). Алайда бұл пікірді ұстанатындардың үлесі 2021 жылы 2008 жылғы көрсеткішке қайта оралған (20% және 21%). Айта кетерлігі, көпвекторлы саясатты қолдайтындардың саны айтарлықтай өзгеріске ұшырамаған.
2021 жылы алынған деректерді әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктерге қарай талдайтын болсақ, ҚР сыртқы саясатындағы бағыттарға қолдаудың түрлі сипатқа ие екендігін байқауға болады. Мысалы, Орталық Азия векторы 18-24 жас аралығындағы азаматтар (24%), казақтар, ауыл тұрғындары арасында ең үлкен қолдау тапқан. Сыртқы саясаттағы ресейлік бағыт егде азаматтар (55+), облыс орталықтары мен шағын қалалардағы адамдар және орыстар арасында (33%) қолдауға ие.
Барлық әлеуметтік-демографилық топтардың ішінде батыстық даму моделі 24 жасқа дейінгі азаматтар арасында ең үлкен қолдау тапқан (9%). Сонымен қатар, осы топтағы азаматтар көпвекторлықты (16%) және өзіндік дамуды (13%) сирек таңдайтыны белгілі болған.
Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдықтар (әлеуметтік-демографиялық топтар бойынша жіктеу)
Зерттеу нәтижелері тағы бір қызық жайтқа назар аудартады: қазақтардың арасында нақты бір бағытты таңдау байқалмаған. Яғни, сауалнамаға қатысқан қазақтардың пікірі құбылып тұр. Бірақ егер 24 жасқа дейінгі жастардың таңдауын негізге алар болсақ, түркі-ислам векторы мен батыс құндылықтарының қосындысын байқауға болады. Қазақстанның сыртқы саясатының дамуын басқа этнос өкілдері әрқалай көреді. Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты бағытын орыстар Ресей мен ТМД деп атаса, екінші кезекте олар «Қазақстанның өз ұлттық және мемлекеттік мүдделері бар» деген жауап нұсқасын таңдаған. Өзге этностық топтар көпвекторлық саясатқа (35%) және өзіндік даму моделіне басымдық берген.
Мұса Қуандық