БАӘ Қазақстанда жалпы құны 3,5 млрд доллардан асатын 11 жобаны іске асырып жатыр

Асқар Мамин Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барды

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барды. Абу-Даби қаласында Үкімет басшысы БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министр шейх Мансұр бен Заид әл Нахаянмен, сондай-ақ Abu Dhabi Developmental Holding Company (ADQ) холдингтері және  мемлекеттік даму институттары мен БАӘ-нің басқа да жетекші компанияларының басшылығымен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тараптар сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп және басқа да салалардағы бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын және екіжақты ынтымақтастық перспективасын талқылады. Қазіргі уақытта әмірлік компаниялары Қазақстанда жалпы құны 3,5 млрд доллардан асатын 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға қатысуда.

Өткізілген келіссөздер қорытындысы бойынша экономиканың басым салаларында жобаларды дамыту бойынша ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Құжат ҚР ұлттық экономикасының энергетикалық, агроөнеркәсіптік, көлік-логистикалық, фармацевтикалық және қаржы секторларындағы жобаларды іске асыруға бағытталған, инвестициялардың жалпы көлемі 6 млрд доллардан асады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.