Елде биыл 2 млн тонна көмір тапшылығы болуы мүмкін
Қазақстан шет елге көмір жіберуде көш бастап тұр
Қыстың қамын жаз ойла, десек те биыл жаздың өзінде елімізде көмір бағасы қымбаттаған. Оған себеп, елдегі көмір өндірісінің төмендеуі. Биыл қаңтар-маусым айында 171,6 млрд теңге қатты отын өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,9%-ға төмен.
Қазақстанның көмір нарығында 200-ге жуық компания биыл 69 млн тонна көмір өндірген. Оның 5 млн тоннасы коммуналдық қажеттілікке жұмсалады. Яғни, бұл – халық сатып алатын көмірдің мөлшері. Биыл жыл басынан бері 19 млн тонна көмір экспортқа жіберілді. Қазір қорда 1,5 млн тонна көмір қалды. 2021-2022 жылдарға арналған жоспар бойынша халыққа 9 млн 200 мың тонна қатты отын қажет. Оның ішінде коммуналық секторға 2 млн 800 мың тонна, елді-мекендердегі халыққа 6 млн 400 мың тонна керек. Қазір республика бойынша әкімдіктерге 7 млн тонна көмір жеткізілген. Оның ішінде халық сатып алатын көмір 4 млн ғана. Яғни, жеке сектор үшін қыста 2 млн тонна көмір тапшылығы туындайды деген сөз.
«Биыл қысқа дайын емес өңірлердің қатарында Ақтөбе облысы көш бастап тұр. Мысалы, облысқа 28 мың тонна көмір керек болса, соның тек 7,4 мың тоннасы ғана дайын. Жергілікті атқарушы органдар көмір тапшылығы туындамайды деп есеп берді», – дейді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өндірістік қауіпсіздік комитеті қара металлургия және көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов.
Қазақстанда жыл сайын тас көмір өндіру жылына 50 млн тоннаға дейін қысқарып келеді. Нарық заңдылығы бойынша тапшылық туындаса, тауардың бағасы өседі. Мәселен, 2021 жылғы маусымның қорытындысы бойынша тұтынушылар үшін тас көмірдің құны бір айда 0,1%-ға және бір жылда 3,8% -ға өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, республика бойынша тамыз айында тіркелген көмір бағасы тоннасына – 5513 теңге. Ал Қарағанды қаласында 7093 теңге болса, Павлодарда 3158 теңге деп бекітілген. Республикада көмір бағасы тоннасына 5000-13000 теңге аралығында.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жаңа ережесі бойынша көмір нарығының 10%-ы тауар биржасы арқылы республикадағы 200 көмір орталықтарына саудаланады. Яғни, оның бәрі – жеке компаниялар. Ал қалған 90% нарықтың үлесі алып-сатарлар мен делдалдардың еншісінде. Салаға жауапты министрлік көмір бағасы монополияға қарсы органның бақылауында болады деп сендіріп отыр.
Биыл қыс басталмай жатып Петропавл тұрғындары көмір тапшылығын сезіп үлгерді. Биылға қала тұрғындарына 391 мың тонна көмір қажет. Оның 93 пайызы жеткізілген. Бірақ халық алып-сатарлардың есігін жағалап, көмір ала алмай жүр. СҚО ТҮКШ басқармасының басшысы Евгения Островскаяның айтуынша, аудан әкімдіктері мен Петропавл қаласы әкімшілігі тұрғындарға жаз айларында отынды әзірлеп алу керегін ескертіпті.
ҚТЖ «Жүк тасымалы» ЖШС атқарушы директоры Нұржан Келбұғанов: «Өскемен қаласында көмір тапшылығы туындады деген хабар тарады. Қазір қаладағы көмір жеткізу көрсеткіші 110 пайызға орындалды. Павлодардағы «Элит» дейтін орталыққа 57 вагон көмір жеткізілді. Бұл алдын ала сұраныс бойынша жіберілген көмір мөлшері. Осы екі өңірде ешқандай көмір тапшылығы болмайды», – деп сендіріп отыр.
Биыл қыста халық тұтынатын көмірге 2 млн тонна көмір тапшылығы туындауы бек мүмкін. Ішкі нарықтағы сұраныстың жоғары болғанына қарамастан, Қазақстан шет елге көмір жіберуде көш бастап келеді. Біздің ел көмір экспорттайтын үздік 15 елдің қатарында.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, жылыту маусымы 8 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы) іске қосылды.
Қалған 9 өңір бойынша ауа райының қолайлы жағдайына байланысты жылыту маусымы әлі басталған жоқ. Жылыту маусымының басталуы жергілікті атқарушы органдардың шешіміне сәйкес яғни, ауа температурасы 5 тәулік бойы 10 градус С-ден төмен болғанда іске қосылады.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы