ШұғылҮкімет тамызда карантиндік шектеу шараларын күшейтеді

Америкалық ABC News телеарнасы Серікжан Біләштің отбасы туралы репортаж көрсетті

Олар қазір босқын мәртебесін алуға әрекет етіп жатыр

abcnews.go.com

Техас штатының Мидленд қаласында тұрып жатқан этникалық қазақ Серікжан Біләш және оның жұбайы Гүлзира Әуелхан мен қызы Ақбаян жайлы ABC телеарнасының тілшісі Виктор Ордонездің репортажы жарыққа шықты. Деректі фильмде автор мен кейіпкер Қытай билігін Шыңжаңдағы мұсылмандарға, түркі тілдес халықтарға қысым көрсетіп жатыр деп айыптайды.

Сюжетте Серікжан Біләштің жұбайы Гүлзира Әуелханның Қытайдың «тәрбиелеу лагерінде» бастан кешкендері және отбасымен бірге қоныс аударуы жайлы айтылады. Гүлзира Әуелхан – 2014 жылы күйеуі және кіші қызымен бірге Қазақстанға қоныс аударған Шыңжаңның тумасы. 2017 жылы науқастанып қалған әкесінің жағдайын білмек болып Қытайға барған кезде Гүлзираны шекара қызметі тұтқындайды. Алғашында паспортын алып қойып, дереу «тәрбиелеу лагеріне» орналастырған екен. Кейінгі 15 айын ол тұтқында өткізгенін айтты.

«Сен Қазақстанға бардың, тиісінше теріс идеологияны ұстанасың. Сондықтан қамауға тура келеді», - деп түсініксіз айып тақты дейді Г.Әуелхан.

Сонымен қатар, телеарнаға берген сұхбатында Гүлзира Әуелхан Қытай лагерінде оны дәріге ұқсас түсініксіз препарат ішуге мәжбүрлегенін айтты.

«Барлық тұтқынды түсініксіз дәріні ішуге мәжбүрледі. Оны жұтқанымызға көз жеткізу үшін күзетшілер қолымен жағымызды ұстап ішкізді. Ол препарат бедеулікке апарады, өйткені лагерде жүкті болуға тыйым салынған», - дейді Серікжан Біләштің әйелі.

ABC арнасының мәлімдеуінше, Қытай үкіметі бұл айыптауларды жоққа шығарады. Керісінше, қытайлықтар Шыңжаңдағы туу көрсеткішін жоғарылату бойынша барлық шараларды қолға алып жатырмыз деген пікір айтқан.

Гүлзира Әуелханның оқиғасы тұтқыннан босап шыққан өзге әйелдердің оқиғасына ұқсас. Алайда, Қытай тарапы айыптауды толықтай жоққа шығарып, лагерлердің терроризм мен радикализмге қарсы күрес мақсатында ашылғанын айтады. Сонымен қатар, ABC арнасы және басқа да БАҚ өкілдері мәселені тыңғылықты зерттеу үшін Қытай үкіметі салған тыйымның кесірінен Шыңжаңға бара алмай жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда Гүлзира Әуелхан және жұбайы Серікжан мен кіші қызы Техас штатына қоныс аударып, босқын статусын алу үшін барлық құжатын тапсырып қойғанын айтты.

Еске салайық, АҚШ Мемлекеттік департаменті мен адам құқығын қорғау ұйымдарының деректеріне сәйкес, осы уақытқа дейін лагерде жәбір көргендер мен қазір тұтқындалғандардың саны 3 миллионға жуық.

Шыңжаңда тұратын халықтың дені – түркітілдес мұсылмандар. Олардың ішінде қазақтардың үлесі 7% болса, 46%-ын ұйғырлар құрайды.