Дональд Трамптың экс-кеңесшісі Лукашенконың әрекетін терроризм деп бағалады
Батыс елдері Беларусь әуесімен ұшақ ұшыруын тоқтатқан

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша бұрынғы кеңесшісі, сыртқы саясат маманы Джон Болтон ресейлік «Дождь» телеарнасына берген сұхбатында 16 маусымда Женева қаласында өтетін саммитте АҚШ пен Ресей президенттері арасында өтетін кездесуге қатысты өз пікірін білдірді. Сарапшы екі елдің қарым-қатынасы, геосаяси мәселелер және Беларусьтегі жағдайды кеңінен талқылады.
Джон Болтонның пікірінше, маусымның ортасында өтетін саммитте бірқатар мәселе көтеріледі, атап айтқанда: Ресей мен Германия арасындағы «Nord Stream» магистральдық газ құбыры жобасы, Ресей мен АҚШ арасында стратегиялық шабуыл қаруларын одан ары қысқарту туралы келісім (СНВ-3) және екі ел арасындағы серіктестіктің болашағы.
«Соңғы жылдары екі державаның қарым-қатынасы едәуір нашарлағанын ескерер болсақ, жоспарланған саммит Джо Байденнің Ресейге қатысты саясатының қалай өрбитінін көрсететін болады», - деді экс-кеңесші. Болтон ресми Вашингтонның 4 жыл тоқыраудан кейін сыртқы саясатқа мән бере бастағанына қарамастан, әзірге бұл бағытта нақты доктрина ойлап таппағанын айтты.
«Тиісінше, АҚШ және оның Еуропадағы одақтастарының Путиннің «агрессивті» саясатына төтеп беруі қиын болады» - деді эксперт.
Джон Болтон Женевадағы саммитте күн тәртібінде тұрған екі мәселе – Иран ядролық келісімі мен СНВ-3 стратегиялық шабуыл қаруларын одан ары қысқарту туралы келісімі қайта қаралса, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге болады деген пікір білдірді.
«Путинді 20 жыл танимын және кез келген жағдайға дайын отыратын лидер екенін айта аламын. Ол Ресейдің мүддесін және өзінің не қалайтынын нақты біледі. Кездесу барысында Байден қырағылық танытып, жағдайды бақылдауда ұстайтынын көрсетуі қажет. Путиннің агрессивті келіссөз жүргізу стилін ескеріп, оған тиісті жауап бере алатынын да көрсетуі керек», - деп санайды эксперт.
Экс-кеңесші әлемдік медиада кеңінен талқыға түскен Беларусь диссиденті Роман Протасевичтің қамалуы жайында да өз пікірін білдірді.
«Менің ойымша, орын алған жағдайды алып қарайтын болсақ, бұл әрекетті адам ұрлау, халықаралық әуе кеңістігіне қол сұғу және терроризм әрекеті деп сипаттауға болады. Бұл жағдай нақты зерделеніп және Батыс нақты стратегия ойлап табуы керек. Егер Лукашенко өзінің құлдырауын түсіне бастаса, ол Ресейдің қолдауына жүгінуге мәжбүр болады. Батыс қазір Беларусь әуе кеңістігіне ұшақтар жібермейміз дейді. Бірақ Ресейге енуге мәжбүрлеп жатқанда бұл әрбір беларус азаматына өз кесірін тигізеді емес пе?», - деді сарапшы.
Батыс тарапынан қандай жауап болуы керек деген сұраққа Джон Болтон негізгі басымдық НАТО альянсына кіретін елдер және Ресеймен қатар шектесетін 6 пост-кеңестік мемлекет жайлы айтты:
«Менің ойымша, Батыс өзінің мүддесінің бұдан да күшті екенін көрсететін стратегия жасауы керек. Аталған стратегияда тек Беларусь қана қамтылмай, КСРО-ға енген барлық елдер ескерілуі қажет. Олар үлкен қысымды бастан кешіруде: Украина, Молдова, Әзірбайжан, Армения, Грузия. Орталық Азияны бірер секундқа ысыра тұрайық. Аталған алты мемлекет – НАТО мен Ресейдің ортасында орналасқан. Тиісінше, бұл – тұрақсыз және болашағы бұлыңғыр аймақ», - деді ол.
Сөз соңында, экс-кеңесші Ресей мен Беларусь арасындағы одақтастықтың күшеюінің нәтижесі – Польша мен Литвамен шекарада ресейлік әскерлердің орнығу қаупінің бар екенін айтты. «Лукашенко ресейлік қарулы күштерін өз елінде орналастыру арқылы билікті ұстап қалатынан сенеді», - деп аяқтады сарапшы.
Джон Болтон – АҚШ-тың барлау қызметі мен дипломатиясының беделді ардагері, Ақ үйдің маңызды стратегияларын жасауға қатысқан саяси фигура. 1,5 жыл Дональд Трамптың қарамағында кеңесші ретінде жұмыс істеп, АҚШ-тың Ресейге және Иранға қатысты саясатының архитекторы атағына ие болған. Ресей билігі 2020 жылы Джон Болтонды санкциялық тізімге енгізген.
Исатай Мінуаров