Қазақстан мұнайы тиелген танкерлерге жасалған дрон шабуылы: Энергетика министрлігі мәлімдеме жасады
Министрлік оқиғаға байланысты ресми түсініктеме беріп, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады
Қазақстанның Энергетика министрлігі де Каспий құбыр консорциумының айлақтан тыс тиеу құрылғыларында Қазақстан мұнайын тиеу кезінде танкерлерге әскери дрондармен шабуыл жасалуына байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін, 19 шілдеде КҚК теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары жүріп жатқан кезде «ASIA» және «NISSOS IOS» атты екі танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалды. Бұл кемелерге Қазақстанда өндірілген мұнай тиеліп жатқан. Танкерлердің бортында халықаралық экипаж мүшелері болған.
«Шабуыл салдарынан кемелерде өрт шықты. Оны экипаж мүшелері жедел сөндірді. Зардап шеккендер жоқ. ВПУ-1 және ВПУ-3 айлақтан тыс тиеу құрылғылары зақымданған жоқ. Мұнайдың теңіз акваториясына төгілуіне жол берілмеді. Қазіргі уақытта оқиғаның салдары толық бағаланғанға дейін терминалда мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылды. Мұнай жөнелтудің қашан қайта басталатыны туралы қосымша ақпарат кейінірек беріледі», – делінген мәлімдемеде.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі аса маңызды энергетикалық инфрақұрылымға жататын азаматтық нысандарға жасалған мұндай шабуылдарды жол беруге болмайтын әрекет деп санайды.
«Халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына күш қолдану жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіреді, энергетикалық ресурстардың халықаралық саудасының үздіксіз жұмыс істеу тетіктерін бұзады және жобаға қатысушылардың экономикалық мүдделеріне елеулі зиян келтіреді», – деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мұнайы тиелген танкерлерге жасалған шабуылды қатаң айыптап, шабуылдарды дереу тоқтатуды талап еткен еді. Мәлімдемеде Қазақстан өзінің заңды мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетікті, соның ішінде келтірілген залалды өтеу туралы талап қою құқығын өзінде қалдыратыны айтылған.