Мәулен Әшімбаев: жаңа Конституция – заманауи мемлекет моделіне өту жолындағы саналы және батыл қадам
Сенат спикері Шығыс Қазақстан облысына барды
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында мәслихат депутаттарымен, жергілікті жұртшылықпен, этномәдени бірлестіктер өкілдерімен, белсенді жастармен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Барлық іс-шара «Жаңа Конституция – ұзақ мерзімді дамудың берік негізі» тақырыбына арналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Сондай-ақ кездесулерде Мемлекет басшысы айқындап берген реформалардың басым бағыттары, Ата Заңның негізгі жаңа нормалары және Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясындағы бірлескен жұмыс тетіктері талқыланды.
Сенат Төрағасы атап өткендей, конституциялық реформа – айрықша маңызға ие тарихи оқиға және демократияны нығайту жолындағы нақты қадам. Жаңа Конституция – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалардың тікелей нәтижесі. Бұл өзгерістер саяси институттарды қайта жаңғыртып, Қазақстанның тиімді әрі заманауи басқару үлгісіне кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етеді.

«Конституциялық реформа – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің саяси жүйесін ауқымды және кешенді жаңғыртуға арналған бастамаларының заңды әрі дәйекті жалғасы. Жаңа Конституция жобасы заң мен тәртіп қағидатына, азаматтардың мүддесі мен құқықтарына табан тірейді. Жалпы, бұл шешім – заманауи мемлекет моделіне өту жолындағы саналы және батыл қадам. Ата Заңдағы концептуалды өзгертулердің бірі адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілуі екенін атап өткен жөн. Жаңа конституциядағы дәл осы қағида мемлекеттік құрылымның барлық жүйесінің негізін қалыптастырады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы өңірдің өндірістік және ғылыми әлеуетіне ерекше назар аударып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы сын-қатерлерге де тоқталды. Сондай-ақ ол жаңа Конституциядағы экологиялық нормалар халықтың денсаулығын сақтауды және кәсіпорындардың жұмысына инновациялық технологияларды енгізуді қамтамасыз ететін стратегиялық маңызға ие екенін айтты.
«Жаңа Конституциядағы экологиялық ережелердің Шығыс Қазақстан үшін маңызы зор. Алғаш рет табиғатқа қамқорлық таныту мемлекеттің іргелі құндылықтарының бірі ретінде бекітілді. Орнықты даму, экологиялық қауіпсіздік және келер ұрпаққа қамқорлық жасау – Қазақстанның стратегиялық таңдауы. Сондай-ақ бұл – заманауи стандарттарды енгізу, озық технологияларға көшу және экологиялық есептіліктің ашықтығын қамтамасыз ету деген сөз. Бүгінде мемлекет ғылымды, білімді, экологиялық бастамаларды, жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді белсенді қолдап отыр. Дәл осы бағыттар еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Мұның бәрі Әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асырудың жарқын көрінісі екені анық», – деді Әшімбаев.
Іс-шараларда жаңа Ата Заң еліміздің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және серпінді дамуға негіз болатын саяси құрылымды қалыптастыратыны туралы да сөз болды. Жастармен және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесуде конституциялық өзгерістер бүгінгі жаһандық сын-қатерлер жағдайында тиімді жұмыс істейтін саяси жүйе құруға бағытталғаны айтылды. Мәулен Әшімбаев бұл реформалардың сапалы жүзеге асырылуы, жалпы елдің дамуы жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге саналы түрде қатысуына және олардың бастамашылдығы мен кәсіби қабілеттеріне тікелей байланысты екенін де атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еңбекқорлық, кәсіби біліктілік, жасампаздық және үздіксіз білім алу құндылықтарының маңызына үнемі баса мән беріп келеді. Бұл қағидаттар Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасында көрініс тапқан. Ол Абайдың «Толық адам» ілімімен үндесетіні белгілі. Бүгінде жастардың белсенділік танытып, қоғамдық талқылауларға қатысуы, диалог мәдениетін ілгерілетуі және елдің болашағына жауапкершілікпен қарауы аса маңызды. Өйткені, реформалардың табысты жүзеге асуы және Қазақстанның әрі қарай қарқынды дамуы жас буынның ұстанымына тікелей байланысты», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол өз сөзінде Сенат жанында бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, сондай-ақ, жас мамандардың талдау қабілетін жетілдіруге бағытталған Сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің қызметіне де тоқталды.
Сапар аясында Сенат Төрағасы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, Өскемен титан-магний комбинатының және «Восток-молоко» корпорациясының ұжымдарымен кездесті. Сондай-ақ Лу Бань шеберханасына ат басын бұрып, «Автомобильдердің SMART-технологиясы» зертханасының қызметімен танысты.