Кәсіподақтар федерациясы праймеризге қатысатындарын мәлімдеді
Тамыз айында елдегі ең ірі саяси партия праймериз өткізеді
ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Нұр Отан» партиясының праймеризіне қатысатыны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Аzattyq ruhy.
«Кәсіподақтар федерациясы, 2 миллионға жуық мүшесі бар және бүкіл ел бойынша кәсіподақ ұйымдарының кең желісі, біздің қатарда жүрген партия мүшелеріне қолдау көрсетуге және өз кандидатураларын Парламенттің төменгі палатасына және жергілікті өкілді органдарға жіберуге толықтай қабілетті.
Біз өзіміздің негізгі ұстанымдарымыз - әлеуметтік диалог пен әлеуметтік әділеттілікті өз қызметіміздің басты басымдықтары деп жариялаймыз және «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық мақсаттарын қолдаймыз», - делінген мәлімдемеде.
Федерация заң шығарушы билікке кәсіподақ қозғалысының принциптерін шын жүректен ұстанатын адамдар кірсе, жұмысшылардың мүдделерін қорғауға және алға жылжытуға бағытталған ортақ күш-жігер жаңа серпін алады деп есептейді.
«Сондықтан, біз барлық кәсіподақ мүшелерін «Нұр Отан» партиясының бәсекелестік негізінде жаңа көшбасшыларын анықтау туралы бастамасын қолдауға және кандидат ретінде де, дауыс беру процесінде де партияішілік праймеризге қатысуға шақырамыз», - делінген мәлімдемеде.