Тоқаев пен Кошта бірлескен мәлімдеме жасады
Қазақстан мен Еуропа Одағын өзара сенім мен түсіністікке негізделген жан-жақты ынтымақтастық байланыстырады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңес президенті Антониу Кошта бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес президентімен өте нәтижелі келіссөз жүргізілгеніне, кездесу емен-жарқын, достық рәуіште әрі конструктивті сипатта өткеніне тоқталды.
«Қазақстан мен Еуропа Одағын өзара сенім мен түсіністікке негізделген жан-жақты ынтымақтастық байланыстырады. Біз көптеген мәселені қарастырып, серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға ниетті екенімізді растадық. Әлгінде айтқанымдай, Президент Антониу Коштаның елімізге сапары Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде «жаңа буын» келісіміне қол қойып, ратификациялаған алғашқы ел. Бұл маңызды құжат екіжақты қарым-қатынастың өрбуіне негіз қалап, сауда, инвестиция, инфрақұрылым, инновация, мәдениет салалары секілді өзара ықпалдастықтың барлық басты бағыттарын қамтыған», – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің айтуынша, талқылауға арқау болған негізгі тақырып – экономикалық ынтымақтастық.
«Бүгін біз сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі арттыруға және әртараптандыруға уағдаластық. Қазақстан алдағы уақытта да еуропалық бизнес өкілдеріне тұрақты әрі ашық инвестициялық климат қалыптастыруды жалғастыра береді. Энергия тиімділігі, аса маңызды минералдар, цифрлық технология және көлік байланысы секілді салаларда ынтымақтастыққа мүмкіндік мол», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы келіссөз барысында көлік-логистика қатынастарын нығайту жолы, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға бірлесе күш-жігер жұмылдыру мәселесі қарастырылғанын атап өтті.
«Бұл ретте Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы үйлестіру платформасының жұмысын, сондай-ақ ЕО-ның «Global Gateway («Жаһандық қақпа») бастамасын құптаймыз. Қазақстан Еуропа Одағының Орталық Азия елдеріне арналған 12 миллиард еуро көлеміндегі инвестициялық пакетіне қолдау білдіреді. Бұл қаржы көлік, шикізат ресурстары, «жасыл» энергетика және цифрлық технология жобаларын іске қосуға бағытталады. Бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік тораптарының біріне айналдыра алатынымызға сенімдіміз. Бұл барлық тарапқа да пайдалы. Бұдан бөлек, біз энергетикалық қауіпсіздік пен энергия ресурстарының тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін талқыладық. Энергетикалық серіктестіктің тың бағыттарында, атап айтқанда, аса маңызды минералдар, атом энергетикасы, мұнай химиясы, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздері салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаластық. Мақсатымыз – шикізат жеткізіп қана қоймай, Еуроодақ стандарттарына сай табиғи ресурстарды терең өңдейтін жергілікті өндірістерді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығару және қалдықтарды өңдеу арқылы Қазақстанның еуропалық жеткізу тізбегімен интеграциясын күшейту», – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында цифрландыру бағытындағы ықпалдастықты арттыруға айрықша мән берілгенін жеткізді.
«Қазақстан мен Еуропа Одағы өзара тәжірибе алмасу және технологияларға инвестиция салу арқылы анағұрлым инклюзивті әрі заманауи цифрлық экономиканы құруға кірісті. Елдеріміз Team Europe Initiative on Digital Connectivity («Еуропа командасының» цифрлық байланыс жөніндегі бастамасы) аясында жерсерік арқылы интернетке қауіпсіз қосылу, әсіресе, ауылдар мен шалғай елді мекендердің ғаламторға қол жеткізуі бойынша әріптестікті жолға қойды. Сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа Одағының алғашқы инновациялық кампусын Astana Hub аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыруға келістік. Бұл стартаптар, технология зерттеушілері және цифрлық сала кәсіпкерлері бас қосатын алаң болмақ. Қазақстан Еуропа Одағының дүние жүзінде қауіпсіз әрі сенімді цифрлық байланысты қамтамасыз етуге бағытталған Horizon Europe бағдарламасы мен Global Gateway тұжырымдамасын жоғары бағалайды. Біз осы үдеріске белсенді атсалысқанымызды мақтан тұтамыз», – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ұзақмерзімді әрі табысты серіктестік үшін адамдар арасындағы байланысты нығайтудың маңызы зор екеніне назар аударылды.
«Білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларында бізге ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Еуропа Одағына ризашылығымды білдіремін. Мыңдаған қазақстандық жастар ЕО бағдарламаларына қатысып, соның ішінде Erasmus+ аясында білім алып жатыр. Еуропа Одағы осындай байланыстарды одан әрі кеңейтуге бейіл. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан университеттер арасындағы серіктестікті тереңдету, бірлескен бағдарламаларды іске асыру және біліктілік деңгейін өзара мойындау арқылы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға әзір. Сонымен қатар азаматтарымыз үшін визалық рәсімдерді жеңілдету бойынша Еуропа Одағындағы серіктестермен ықпалдастық жалғасады деп үміттенеміз. Өзара барыс-келісті оңтайландыру білім, ғылым және мәдениет салаларындағы байланыстарымызды кеңейтуге, іскерлік белсенділікті жандандыруға оң септігін тигізетініне сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан мен Еуропа Одағы БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық нормаларын сақтауға әрдайым бейіл екенін тағы да растады.
«Өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне баса мән берілді. Бұл орайда «Орталық Азия – Еуропа Одағы» диалог платформасы өзара байланыс, сауда, көлік, экологиялық таза энергия, су ресурстарын басқару және цифрлық трансформация салаларындағы маңызды міндеттерді шешуде тиімді құралға айналды деп санаймыз. Бүгінгі кездесу серіктестігіміз жаңа кезеңге қадам басып, стратегиялық маңызға ие бола бастағанын айғақтады. Өзара ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары, келешегі зор. Қол жеткізілген уағдаластықтар көп ұзамай нақты жобалар мен бастамаларға ұласады деп сенемін», – деді мемлекет басшысы.
Антониу Кошта Еуропа Одағы мен Қазақстанның серіктестігі нақты нәтиже беріп отырғанына назар аударды.
«Осы аптада Брюссельде визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөзді бастадық. Бұл уағдаластық Қазақстан мен Еуропа азаматтары үшін өте маңызды екенін жақсы түсінемін. Келісімге қол қойылғаннан кейін азаматтарымыздың барыс-келісі, алыс-берісі жиілеп, білім алып, жұмыс істеуіне оңтайлы жағдай туады. Бұл халықтарымыз арасындағы достықтың нағыз символына айналады», – деді ол.
Еуропалық Кеңес басшысы Самарқан қаласында өткен «Еуропа Одағы – Орталық Азия» саммитінің нәтижесінде өңіраралық серіктестікті стратегиялық деңгейге жеткізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Алқалы жиында көлік, энергетика, климат, су ресурстары, аса маңызды шикізат материалдары, цифрландыру және халықтар арасындағы байланысты кеңейту ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде белгіленгенін еске салды.
Сондай-ақ Антониу Кошта халықаралық тәртіпке қауіп төндірген жаһандық шиеленістер мен қақтығыстар кезеңінде күш-жігерді ортақ мақсатқа жұмылдыру маңызды екеніне тоқталды.
«Өздеріңізге белгілі, Еуропа Одағы соғысты тоқтату үшін Украинамен тығыз қарым-қатынас жасайды. Біз серіктестерімізбен бірге Украинада әділетті және мызғымас бейбітшілік орнату ұстанымын әрдайым қолдаймыз. БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген тәртіпті дәйекті түрде қорғап келе жатқан Қазақстан тарапына алғыс айтамыз. Сондай-ақ Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі белсенді әрі конструктивті әрекетін, атап айтқанда, Сіздің Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты реттеуге көрсеткен қолдауыңызды құптаймыз. Бейбіт әрі өркендеген Оңтүстік Кавказ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдетуде аса маңызды рөл атқарады», – деді Еуропалық кеңес басшысы.
Сонымен қатар мәртебелі мейман Қазақстан президенті жүргізіп жатқан реформаларға жоғары баға берді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалармен үйлесім тапқан Қазақстан қоғамының өрлеу қарқыны өзара ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге негіз болады. Біз бірлесе отырып, қазіргі сын-қатерлерді халықтарымыздың келешегіне қызмет ететін ортақ мүмкіндіктерге айналдыра алатынымызға сенімдімін», – деді Антониу Кошта.