Қызылорда қаласының әкімдігі жетім қызға 30 жылдан бері баспана бермей келген
Ол балалар үйінен 1998 жылы шығып, баспана жалдап тұруға мәжбүр болған
Қызылорда қаласының тұрғыны, балалар үйінің тәрбиеленушісі сотта мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығын дәлелдеп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың мәліметіне сенсек, 2016 жылы қазақстандық азаматша әлеуметтік осал санатқа жататын тұлға ретінде танылып, «Толық емес отбасы» санаты бойынша есепке қойылған.
2024 жылы ол Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясына 1998 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және жетім балалар» санаты бойынша кезекке қою туралы өтініш берген. Бұл оған балалар үйі түлектеріне тиесілі баспана алу мүмкіндігін беретін еді. Алайда тұрғын үй инспекциясы оны есепке қоюдан бас тартқан.
Ол сотқа берген арызында бұған дейін бірнеше рет уәкілетті органға жүгініп, балалар үйінде тәрбиеленгенін хабарлағанын, бірақ қажетті көмек көрсетілмегенін атап өткен.
1998 жылы балалар үйінен шыққаннан кейін азаматша жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр болған. Кейінірек балалар үйі түлектерінің баспана алуға құқығы бар екенін білген соң, өзін 1998 жылдан бастап кезекке қою құқығын тануды талап еткен.
«Мемлекет әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетеді, оған аталған тұлға да кіреді. Балалар үйінен шыққаннан кейін оның баспана алуға толық құқығы болған. Алайда қажетті құжаттары дер кезінде жіберілмеген, бұл ретте балалар үйі мен білім бөлімі тарапынан әрекетсіздікке жол берілген», – деп көрсетті сот.
Іс материалдарын зерделеген сот көрсетілген мән-жайлар оның әлеуметтік және материалдық мүдделеріне елеулі түрде әсер еткенін және заңды құқықтарын іске асыруға кедергі болғанын анықтады.
Сот талап арызды қанағаттандырып, уәкілетті органға әйелді 1998 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тұрғын үйге мұқтаждар қатарына қоюды міндеттеді.