$ 519.98  600.06  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ШҚО тұрғыны Facebook пен WhatsApp-тағы видеосы үшін 650 мың теңге өтемақы төлейтін болды

Ол адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын ақпарат таратты деп айыпталды

ШҚО тұрғыны Facebook пен WhatsApp-тағы видеосы үшін 650 мың теңге өтемақы төлейтін болды
Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай аудандық сотында ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғауға қатысты азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, азамат Ж. 2025 жылдың 18 сәуірінде Facebook әлеуметтік желісінде және WhatsApp мессенджеріндегі топта жарияланған видеоматериалда ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ іскерлік беделін қорлайтын жалған ақпарат таралғанын айтып, сотқа жүгінген. Ол аталған мәліметтерді шындыққа сәйкес емес деп тануды, оларды теріске шығаруды және моральдық зиянды өндіруді талап етті.

Алайда ашық сот отырысы барысында тараптар ортақ мәмілеге келіп, дауды соттық медиация тәртібімен реттеуге шешім қабылдады.

Медиативтік келісімге сәйкес, талапкер өз талаптарынан бас тартты, ал жауапкер таратылған мәліметтердің шынайылыққа сәйкес еместігін мойындап, талапкерден кешірім сұрады. Сонымен қатар жауапкер моральдық зиян мен сот шығындары үшін 650 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Сот келісімнің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келетінін, тараптардың және үшінші тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін бұзбайтынын ескере отырып, азаматтық іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарды.

Ұйғарым заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары