Жезқазғанда 1,5 млн теңгенің мүлкін ұрлаған екі адам ұсталды
Олар тамыз бен қазан айлары аралығында бағалы заттар ұрлап келген

Жезқазған қаласында бірнеше ай бойы пәтерлер мен дүкендерді тонап жүрген екі тұрғын қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бірнеше ай бойы ұрлық жасап келген
Полицияның мәліметінше, 63 және 53 жастағы екі ер адам тамыз бен қазан айлары аралығында дүкендерден, сұлулық салондарынан және жеке үйлерден ақша, телефон, банк карталары мен бағалы заттарды ұрлап келген.
Ұрланған мүліктің жалпы құны — 1,5 миллион теңгеден асады. Ұрлықтар түнгі және таңғы уақыттарда жасалған.
Қылмыскерлер ұсталды
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілердің жеке басын анықтап, оларды ұстады.
«Күдіктілер қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген Қарағанды облысы полиция департаментінің хабарламасында.