Жамбыл облысында ЖОО түлегі білім грантының ақысын қайтаратын болды
Ол «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқыған

Жамбыл облыстық сотының хабарлауынша, университеттің бітіруші түлекті мемлекеттік грант бойынша үш жылдық міндетті жұмыс істеуден босату туралы шешімі заңсыз деп танылды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Сот шешімі
Істі Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарады. Талап арызды «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы университетке қарсы беріп, комиссия шешімін заңсыз деп тануды және оның күшін жоюды сұраған.
Талапкер бюджет қаражаты есебінен оқыған азаматтардың міндетті еңбек өтеуін немесе жұмсалған қаражатты қайтаруын бақылауға жауапты орган болып саналады.
Мәселенің мәні
2014 жылдың тамызында студентке «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім гранты берілген. Осы грант аясында республикалық бюджеттен университет шотына оқу ақысының шығынын өтеу үшін 1,7 млн теңге аударылған.
Оқу орнын тәмамдаған соң, 2018 жылдың маусымынан 2019 жылдың қаңтарына дейін түлек Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеуші ретінде тіркеуде тұрған. Бұл кезең еңбек өтеу мерзіміне есептелген.
Алайда 2018 жылдың қазанында университет комиссиясы түлекті үш жылдық еңбек өтеу үшін ғылыми кітапханаға жіберу туралы шешім қабылдағанымен, сол шешімнің екінші тармағында оны міндетті өтеуден босату туралы да жазба енгізген.
Соттың қорытындысы
«Комиссия түлекті білім беру ұйымына емес, басқа мекемеге жіберіп, еңбек өтеуден босату арқылы бөлу тәртібін бұзған», – деп көрсетті сот шешімінде.
Осыған байланысты сот Қаржы орталығының талабын қанағаттандырып, университет комиссиясының шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жойды.