Ақмола облысында кісі өлтірді деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген бір топ адам ұсталды
Полиция бас-аяғы 18 адамды ұстады

Ақмола облысында ауыр қылмыс жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген адамдар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 15-16 қазан аралығында «Іздеу» жедел алдын алу шарасы өткізілген. Оның мақсаты – халықаралық және мемлекетаралық іздеуде жүрген, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен адамдардың жүрген жерін анықтау.
Операция барысында полицейлер 18 адамды тапқан, олардың үшеуі хабар-ошарсыз кеткендер болса, қалғаны – түрлі қылмыстық істердің фигуранттары. Арасында кісі өлтіру, қарақшылық, есірткі айналымы және ұрлық істері бойынша іздеуде жүргендер бар. Кейбірі шетелдік құқық қорғау органдарының және Интерполдың халықаралық базасында болған.
Барлық анықталған азаматтар тиісті аумақтық полиция бөлімшелеріне жеткізілді.