Ақтау маңында сасық иістің қалай пайда болғаны анықталды
Оған кәріз суының төгілгені себеп болған

Ақтау мен қала маңында жағымсыз иістің шығуына тазартылмаған кәріз суларын төгу себеп болды. Бұл туралы Экология департаменті хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Экология департаментінің дерегінше, тексерістер нәтижесінде ластанудың көзі – КОС-2 тазарту станциясынан Қошқар-Ата су қоймасына тазартылмаған кәріз суын төгу себеп болғаны анықталды.
«Ауаны бақылау барысында күкіртсутегі мен көміртек тотығының шекті мөлшерден асып кеткені белгілі болды, әсіресе қойма аумағына жақын маңда. Тұзданған топырақтың салдарынан кәріз сулары жерге сіңбейді, ал ыдырау өнімдері тұрғын аймақтарға қарай тарайды», – делінген хабарламада.
Мамандар мен облыс әкімдігі мәселені шешу үшін толық ғылыми зерттеу жүргізуді және тазарту нысандарын 100% деңгейде жаңғыртуды ұсынған. Алайда мәселе әлі күнге дейін шешілмей отыр, тұрғындар жағымсыз иістен әлі де зардап шегіп отыр.