Павлодар облысында ауыл тұрғыны мас күйінде трактор айдаймын деп темір торға қамалды
Ол жүргізуші куәлігінен де 7 жылға айырылды

Павлодар облысының Успен ауданында полицейлер МТЗ-80 тракторын мас күйінде жүргізген ауыл тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мас жүргізушіні қалай ұстады?
Лозовое ауылының маңында патрульдеу барысында тәртіп сақшылары тракторды тоқтатып, жүргізушіден алкоголь иісін сезген. Медициналық тексеріс ауыл тұрғынының шынымен де мас күйінде рөлге отырғанын дәлелдеді.
Белгілі болғандай, ер адам қызының туған күнін атап өтіп, бір күн бұрын ішімдік ішкен.
Сот шешімі
Полиция жинаған материал сотқа жолданды. Шешімге сәйкес:
- ауыл тұрғыны 15 тәулікке қамауға алынды;
- ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
Бұл туралы Успен аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Мадияр Тұрсынбаев хабарлады.
Полицияның ескертуі
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға және көлікті ішімдік ішкен күйде жүргізбеуге шақырады.
«Заң және тәртіп» қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға, қоғамдық тәртіп пен жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Әрбір құқық бұзушы өз іс-әрекеті үшін міндетті түрде жауап береді.