Қытайға бағытталған гуманитарлық көмектің негізгі бөлігі Қазақстан арқылы жеткен еді – елші
Алматы қаласы сол кезеңде Қытайға ашылған өмірлік маңызды дәлізге айналды

Биыл Қытай халқының Жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісіне, Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіне және дүниежүзілік антифашистік соғыстағы жеңіске 80 жыл толып отыр. Ол әлем тарихындағы ең күрделі кезеңдерде халықтардың бірлігі мен ынтымағы жеңіс әкелгенін дәлелдейтін ұлы мереке. Бұл жайлы ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Қытай халқы бұл соғыста ең алғашқы болып қарулы қарсылық көрсетіп, 14 жыл бойы жанқиярлықпен күресті. Нәтижесінде 35 миллионнан астам адамынан айырылып, орасан зор экономикалық шығынға ұшырады. Жеңістің ортақ болуына Қазақстан халқы да зор үлес қосты. Соғыс жылдары, әсіресе 1937–1941 жылдары Қытайға бағытталған гуманитарлық көмектің негізгі бөлігі Қазақстан арқылы жеткізілді. Алматы қаласы сол кезеңде Қытайға ашылған өмірлік маңызды дәлізге айналды. Статистикалық деректерге сәйкес, Қытайға келген шетелдік көмектің 80 пайызын Кеңес Одағы жіберсе, оның 90 пайызы Алматы арқылы өтті. Бұл Қазақстанның Қытайға көрсеткен баға жетпес көмегінің айқын дәлелі», - дейді елші.
Ол атағандай, 1945 жылы Жапонияға қарсы жүргізілген шешуші шабуылдарға қазақстандық сарбаздар да қатысты.
«Олар Қытай халқы және әскерлерімен бірге иық тіресіп, ортақ жауға қарсы шайқасып, жеңіске үлес қосты. Осы үшін біз қазақстандық ардагерлерге және жалпы қазақ халқына ерекше алғысымызды білдіреміз. Қытай мен Қазақстан халықтары қиын-қыстау сәтте бірге төккен қаны мен терін ешқашан ұмытпайды. Сол кезеңде бастау алған сенім мен достық бүгінгі стратегиялық серіктестіктің мызғымас іргетасына айналды. Қытай халқы әрқашан Қазақстанды сенімді көршісі әрі досы деп біледі. Біздің достығымыз уақытпен сыналған, оны ешқандай күш әлсірете алмайды», - дейді Хань Чуньлинь.
Елшінің пікірінше, қазіргі әлемде бейбітшілікке төнген қауіп-қатер аз емес.
«Сондықтан Қытай Қазақстанмен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, СВМДА және «Қытай–Орталық Азия» платформасы аясында ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті.Біз бірге тарих сабақтарын сақтап, халықаралық әділеттілікті қорғап, жаһандық тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз етуге күш саламыз. Ортақ мақсатымыз – халықтарымыздың игілігі үшін бейбіт әрі жарқын болашақ құру», - деп түйіндеді ол.