Екібастұзда 1 млрд жымқырды деген кәсіпорын қызметкерлері ақталып шықты
Кәсіпорын қызметкерлері мен мердігер ұйым өкілі сотты болды

Павлодар облысында «Екібастұз ЖЭС-2» жаңғырту кезіндегі қаржы жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Azattyq Rýhy өңірлік соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Павлодар облысының прокуратурасы ақпанда жүргізген тексеру кезінде электр станциясын кеңейту мен реконструкциялауға бөлінген қаржының ысырап етілген фактілері анықталды. Тергеу деректеріне сәйкес, расталмаған жұмыстардың сомасы шамамен 1 млрд теңгеге жеткен.
Айыпталушылар орындығында кәсіпорын қызметкерлері мен мердігер ұйым өкілі болды. Олардың біріне қосымша алаяқтық айыбы тағылған.
«Бір айыпталушы қылмыстық жауаптылықтан қылмыс мерзімінің ескіруіне байланысты босатылды, ал алаяқтық айыбы бойынша қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды», – деп нақтылады сотта.
Қалған айыпталушылар да қаржы жымқыруға кінәсіз деп танылып, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды.
ЖЭС-2-нің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды, алайда ақталған тұлғаларға қатысты талаптар қараусыз қалдырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.