Барахолка жабылады, қоғамдық көліктер тоқтайды. Алматылықтарды қандай шектеулер күтіп тұр
Алдағы екі күндік демалыста 150 мың адам жұмысын уақытша тоқтататын болады
Алматыда алдағы демалыс күндері, яғни 20-21 маусымда шектеу шаралары күшейтіледі. Түстен кейін қаланың тіршілігіне жауапты әкімдіктің басқарма басшылары БАҚ үшін онлайн брифинг өткізді, деп хабарлайды Аzattyq ruhy.
Шаһардағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралардың қатарында базарларды, сауда ойын-сауық орталықтарын, азық-түлік және қоғамдық тамақтану орындарын уақытша жабу көзделген. Қалалық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, шаһарда төтенше жағдай аяқталған соң 940 мың адам жұмысқа қайта кіріскен. Алдағы екі күндік демалыста олардың ішінде 150 мың адам жұмысын уақытша тоқтататын болады.
«Қазір біз қала бойынша 20-21 маусым күндері жұмысы шектелетін нысандардың тізімін жасап жатырмыз. Кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізу оңай болған жоқ. Десе де, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға түсінікпен қарап, қала басшысымен өткен кеңесте шаһардағы ірі кәсіпкерлер өз келісімін берді. Олар бұл күндері сауда орнын жалға алушылардан аренда үшін төлемақы алмайтын болады», - деді Е. Оразалин.
Қалалық мобилдік басқарма мамандары осы демалыс күндері Алматы мен қалаға жақын облыс аумақтарына қатынайтын қоғамдық көліктер толық тоқтайтынын мәлімдеді. Метро, троллейбус және бағыттық автобустар сенбі, жексенбі күндері жүрмейді. Ал таксилердің жұмысына шектеу болмайды. Таксопарктер санитарлық шараларды сақтаған жағдайда, қызмет көрсете алады.
«Қоғамдық көліктер келесі дүйсенбіде әдеттегі тәртіпке көшіп, ертеңгі сағат 6:00-ден түнгі 23:00-ге дейін қайтадан жолға шығады», - деді әкімдік өкілдері.
Алматыда қоғамдық демалыс орындары, оның ішінде саябақтар, жағалаулар, жағажайлар, аквапарктер қызметі тоқтатылады, сондай-ақ фитнес орталықтарының жұмысы да екі күнге тоқтатылады. Бұл күндері «Барахолка» аталып кеткен әмбебап сауда орындары, «КарСити» автобөлшектер орталығы және барлық құрылыс базарлары жабық болады.
Алматы қаласы Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин шаһарда өткен аптада санитарлық тәртіпті бұзған 4 кәсіпорынға 1 млн 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынғанын айтты.
«Тойхана, мейрамхана және түнгі клуб пен кальян орталықтары қатаң бақылауда болады. Бұл бизнес құрылымдарында санитарлық талаптарды бұзғандарға аяушылық жоқ. Ал алдағы демалыс күндері халықтың жүріп-тұруы эпидемиологиялық жағдайларға байланысты полицияның қатаң бақылауында болады»,- дейді санитар дәрігер.
Алматының облыспен шектесетін жолдарына блок-бекеттер қою жоспарда жоқ. Сондай-ақ бұл күндері банк, қаржы ұйымдары мен ХҚКО-ның жұмысына шектеулер болмайды. Ал халықтың қала маңындағы туристік зоналарға баруына тыйым салынады.
Айта кету керек, Қазақстанның кейбір қалаларында алдағы демалыс күндері, яғни 20-21 маусымда шектеу шаралары күшейтіледі. Бүгін Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Президент әкімшілігі кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қаралды деп хабарлаған болатын.
Үкімет Қазақстанның бірқатар өңірінде эпидемиологиялық жағдайдың өршіп бара жатқанын ескеріп, елдің 6 қаласында шектеулер енгізетін болды. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалалары.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы