Астанада мас ер адам Ботаникалық бақ маңында тыржалаңаш жүрген жерінен ұсталды
Оны көшедегі қала тұрғындарының бірі қолынан ұстап, полицияға тапсырды
Астанада ішімдікке сылқия тойған ер адам Ботаникалық бақ маңында тыржалаңаш жүр. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеоға назар аударсақ, оқиғаның таңғы уақытта болғанын, жалаңаш ер адамды қала тұрғындарының бірі қолынан жетектеп, полицияға тапсырғанын байқауға болады.
Осы орайда агенттік тілшісі қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, мән-жайды анықтады.
«Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған 25 жастағы ер адамды ұстады. Ол мас күйінде киімсіз көшеге шығып, жұртшылықты мазасыздандырған.
Аталған құқықбұзушылық бойынша «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамаққа алынды», - делінген ведомствоның жауабында.
Осы орайда Полиция департаменті қоғамдық орындарда тәртіпті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
«Астана қалалық полиция департаменті ескертеді: қоғамдық орындарда әсіресе мас күйінде әдепсіз күйде жүру – қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу болып саналады және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген заңсыз әрекеттер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде тоқтатылады», - делінген ведомствоның агенттік тілшісіне берген жауабында.