$ 537.34  623.05  6.65
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада қарапайым слесарь шахмат турнирін жеңіп, үздік ойыншы атанды

Оның ешқандай спорттық разряды жоқ, кәсіби жаттықпаған

Астанада қарапайым слесарь шахмат турнирін жеңіп, үздік ойыншы атанды
Фото: Президент іс басқармасы

Астаналық көпбалалы әке, қарапайым слесарь Еркінбек Бағзы шахматтан Президент іс басқармасының спартакиадасында жеңіске жетіп, ел назарына ілікті. Арнайы спорттық разряды да жоқ. Бірақ ол ешбір партияда жеңілмей, «Турнирдің үздік ойыншысы» атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Чемпион» атанған шебер

Астанада инженерлік жүйелерді техникалық қамтамасыз ету қызметінде жөндеу және желдету жүйелерін қарап-баптаушы слесарь болып еңбек ететін Еркінбек Бағзыны әріптестері «чемпион» деп атайды. Тіпті кейде құрметпен есік ашып қарсы алады.

Ол Президент іс басқармасының шахматтан өткізген спартакиадасында 9 партияның барлығында жеңіске жетіп, «Турнирдің үздік ойыншысы» атанды.

1983 жылы Монғолияда дүниеге келген Еркінбек жеті баланың бірі болып өскен. Шахмат ойнауды оған әкесі үйреткен. Кейін 1991 жылы Қазақстанға қандас ретінде қоныс аударып, Щучинск гуманитарлық-техникалық колледжінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Алайда мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған соң, Астанаға келіп, сантехник мамандығын меңгерген.

2005 жылдан бастап Дирекцияның әкімшілік ғимараттарын қамтамасыз ету қызметінде еңбек етіп келеді. 20 жылдық тәжірибесі бар маман бүгінде өз ісінің шебері.

Шахмат – жай хобби емес, өмір салты

Жұмысы, бес баласы бар көпбалалы әке болса да, Еркінбек шахматтан қол үзген емес. Ол телефонына онлайн шахмат ойынын жүктеп алып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі ойыншылармен үнемі тәжірибе алмасып отырады. Қазіргі кезде оның рейтингтік көрсеткіші – 1680 ұпай.

«Кейде түн ортасында тұрып, шетелдік қарсыласпен партия ойнаймын», – деп күледі ол.

Еркінбектің ешқандай спорттық разряды жоқ, кәсіби жаттықпаған. Оның басты қаруы – интеллект, табандылық және шахматқа деген шексіз махаббат.

«Senat Open 2025» республикалық турнирінде бақ сынамақ

Астанада өткен жеңістен кейін Еркінбек Семейдегі аймақтық турнирге қатысып, Абай, Қарағанды және елордалық мықтылармен сынға түсті. Нәтижесінде жүлдегер атанып, тамызда өтетін «Senat Open 2025» республикалық финалдық турниріне жолдама алды.

Серіктес жаңалықтары