$ 510.19  582.79  6.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Президент халқымыздың берекелі бірлігі осындай ізгі құндылықтардың арқасында нығая түсетінін атап өтті

Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Фото: ummet.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Жақсылық жасау – игі дәстүр

«Ардақты ағайын! Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Барша мұсылман қауым үшін қасиетті саналатын бұл мейрам – имандылық пен ізгіліктің символы. Айт күндері мұқтаж жандарға жақсылық жасап, көмек көрсету – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан игі дәстүр», - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев асыл дініміз азаматтарды бір-бірін құрметтеуге, жақындарына жанашыр болуға үндеп, бауырластық пен сыйластықты дәріптейтінін атап өтті.

Құрбан айт – ынтымақ мерекесі

«Халқымыздың берекелі бірлігі осындай ізгі құндылықтардың арқасында нығая түседі. Құрбан айт – ырысты ынтымақтың мерекесі. Біз еліміздегі тұрақтылықтың қадірін біліп, татулықты сақтау арқылы кез келген сыннан сүрінбей өтіп, биік мақсаттарға жетеміз. Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз. Құрбан айт кезінде айтылар дұға-тілектер қабыл болсын! Әр шаңыраққа құт-береке қонсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!», - деп түйіндеді мемлекет басшысы.

Айта кетері, биыл қасиетті Құрбан айт бүгін, 6 маусымда  басталады. Осыған байланысты қазақстандықтар қатарынан үш күн демалады.

Осы жылы да азаматтар құрбандықты онлайн және оффлайн шала алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты.

Серіктес жаңалықтары