$ 540  630.72  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әлем чемпионы сыйақы бермеген Спорт министрлігін сотқа беріп, жеңіп шықты

Ол 2021 жылғы жетістігі үшін сыйақы алмаған

Әлем чемпионы сыйақы бермеген Спорт министрлігін сотқа беріп, жеңіп шықты
Фото: pixabay

Астаналық сот Туризм және спорт министрлігінің чемпион Қарлығаш Жұмағұловаға сыйақы төлеуден бас тартуын заңсыз деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Спортшының жеңістері

Қарлығаш Жұмағұлова 2021 жылы Венгрия астанасы Будапеште өткен гір спортынан әлем чемпионатында бірінші және үшінші орын иеленген. Сонымен қатар, ол 2023 жылы Хиуада (Өзбекстан) және 2024 жылы Чолпон-Атада (Қырғызстан) өткен әлем чемпионаттарында жеңімпаз және жүлдегер атанған.

Министрлік 2021 жылғы жеңісті есепке алмады

2024 жылдың қарашасында спортшы ҚР Туризм және спорт министрлігінен жоғарыда аталған жетістіктері үшін ақшалай сыйақы төлеуді сұрап өтініш түсірген.

Министрлік 2023 және 2024 жылдардағы жеңістерге сыйақы төлеуге келісіп, бірақ 2021 жылғы жетістік үшін сыйақыдан бас тартқан. Себебі ретінде талап қою мерзімінің өтіп кеткенін көрсеткен.

Сот министрлік шешімін заңсыз деп таныды

Астананың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші инстанция сотының шешімін қолдап, министрліктің 2021 жылғы жарыс үшін сыйақы төлеуден бас тартуын негізсіз және заңсыз деп тапты.

ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1345 қаулысына сәйкес, халықаралық спорттық жарыстардың жүлдегерлері өтініш мерзіміне қарамастан ақшалай сыйақы алуға құқылы.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары