$ 540.78  618.65  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Арнайы білім беру орталығы жабылмайды – министрлік ата-аналарға түсініктеме берді

Қазір орталық трансформацияланып жатыр

Арнайы білім беру орталығы жабылмайды – министрлік ата-аналарға түсініктеме берді
Фото: istockphoto.com

Ата-аналар тарапынан арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту орталығының жабылуы мүмкін деген алаңдаушылыққа Оқу-ағарту министрлігі ресми жауап берді. Министрлік аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Керісінше, қазіргі уақытта орталықтың жұмысын кеңейту бағытында бірқатар шара қолға алынған. Атап айтқанда, Астана қаласында орталықты ғылыми-зерттеу институтына айналдыру, ал Алматы қаласындағы бөлімнің ғылыми-әдістемелік және үйлестіруші рөлін арттыру көзделіп отыр», - деді министрліктің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

Министрліктің хабарлауынша, орталық арнайы білім беру жүйесіне ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету міндетін атқарады. Бұл бағытта орталықта арнайы педагогика саласындағы маңызды зерттеулер жүргізіліп, эксперименттік топтар тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.

«Мекеме арнайы балабақша немесе оңалту орталығы емес, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың білім алу құқығын қамтамасыз етуге арналған мамандандырылған ғылыми орталық. Министрлік орталықта жұмыс істейтін барлық ғылыми қызметкердің жұмыс орны сақталатынын, ешқандай қысқарту жүргізілмейтінін нақтылады. Құрылымдық бөлімшелер де қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр», - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, соңғы бір жыл ішінде 20-ға жуық нормативтік-құқықтық құжат қабылданған.

«Қазір «Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы дайындалып жатыр», - дейді ол.

Министрлік ел ішіндегі ерекше білімге мұқтаж балалардың қажеттілігін ескеріп, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтіп отырғанын атап өтті.

Орталық жабылмайды, керісінше жаңғыртылып, ғылыми әлеуеті кеңейтіледі.

Естеріңізге салсақ, Алматы қаласында орналасқан ұлттық ғылыми-практикалық орталықтың жұмысына қатысты ата-аналар алаңдаушылық білдірген. Олар арнайы білім алатын балалардың ата-аналары атынан видеоүндеу жолдап, орталықтың жұмысы біртіндеп тоқтап жатқанын хабарлаған. Видео Koza4kov_bot телеграм арнасына жолданған. Ата-аналардың айтуынша, соңғы айларда орталықта топтардың қысқаруы, сондай-ақ толық күндік топтың жабылуы байқалған.

«Бұрын біздің балалар күн бойы орталықта болып, балабақша секілді тәрбие мен дамуға мүмкіндік алатын. Енді бұл топты алып тастады», – делінген еді ата-аналар үндеуінде.

Серіктес жаңалықтары