«Шамамыз жетпеген соң балаларды шақырдық»: Тоқтаубаев Шерзаттың басынан мылтықпен ұрған адамды атаған
Қазір ол бұл жауабымен келіспейді

Шерзат ісіне қатысты сот отырысында күдікті Нұрбол Тоқтаубаевтың айғақтарды зерделеу барысында оқиға болған жерде тергелген видеосы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұрбол Тоқтаубаев ол жауабында да «Қамажай» дүкенінің қасына Дархан Әскентай шақырған соң келгенін айтқан.
«Төбелес басталып, біз өзге балаларды шақырдық. Равиль, Нұрқияс, Абзал, Азамат деген жігітер келді. Мен Шерзат пен оның әкесі Қаржаубаймен ерегістім. Мен ол жерге жақсы жағынан сөйлесуге келдім. Дос баламның қарызын бердім. Үстінен мың теңге қосып бердім. Дархан кішкене ішіп алғандықтан, келіспеушіліктер туды. Біз шамамыз жетпеген соң жігітерді шақырдық. Бастапқыда марқұм болған баланы ұрдым. Кейін қараңғы жақта төбелес болды. Шерзат Полат сол жерде жатқанда аяғынан теуіп кеттім», - дейді Тоқтаубаев.
Оның айтуынша, Шерзат Полаттың басынан мылтықтың дүмімен ұрған – Нұрқияс. Ол екі рет соққы жасаған.
«Оқиғадан кейін біз барлығымыз жиналып, осы оқиғаны талқыладық. Мен өзімнің қолыма не мылтық, не пышақ ұстамадым», - дейді Тоқтаубаев.
Алайда сот отырысында Нұрбол Тоқтаубаев бұл видеодағы айғақтарымен қазір келіспейтінін айтты. Енді ол Шерзатты емес Нұрқанатты тепкенін айтып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, қазір тікелей эфирде 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процессі өтіп жатыр. Сот отырысының тікелей эфирін «Azattyq Ruhy» youtube арнасынан көре аласыздар.