$ 516.01  582.47  6.26
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда алғаш рет шала туған сәбилерді соқырлықтан сақтайтын операция жасалды

 Төрт күн ішінде он төрт балаға 20 ота жасады

Қазақстанда алғаш рет шала туған сәбилерді соқырлықтан сақтайтын операция жасалды
Фото: pixabay

Алматыда Қазақстан медицинасының тарихында алғаш рет шала туған нәрестелерге ерте бастан витрэктомия жасау бойынша халықаралық шеберлік сағаты өтті , деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше бұл жоғары технологиялық операция сәбилердің көру қабілетін мәңгілікке жоғалтпауға мүмкіндік береді.

Шеберлік дәрісі Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығында шала туған нәрестелер ретинопатиясының ауыр түрлерін емдеуге маманданған әлемге әйгілі үнді офтальмологиялық хирургі, доктор Нихил Палдың қатысуымен өтті.

«Төрт күн ішінде оның жетекшілігімен дәрігерлер бригадасы Қазақстанның 12 облысынан келген 14 балаға 20 ота жасады. Ең кішкентай науқастың жасы  небәрі – 2,5 айлық», - деп жазылған хабарламада.

Қазақстанда жыл сайын 22 мыңнан астам шала туған нәресте дүниеге келсе, олардың 4 мыңға жуығы ретинопатия қаупімен бетпе-бет келеді. 

«Соңғы жылдары ретинопатия Қазақстанда сәбилер соқырлығының нағыз індетіне айналды. Бұл күн сайын емес, сағаттап өршитін ауру. Егер кешіктірсеңіз, бала анасының жүзін ешқашан көрмей өтуі мүмкін», - дейді еліміздің жетекші балалар офтальмологы Әсел Шәріпова.

Кейінгі 10 жылда осы мәселеде Қазақстанда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді: ерте диагностикалық хаттамалар енгізілді, 40-тан астам офтальмолог оқытылды, аймақтық бригадалар құрылды. Бірақ осы уақытқа дейін ауыр, терминалды кезеңдерде балаларды емдету үшін шетелге баруға мәжбүр болды, өйткені елімізде ең күрделі витрэктомия  отасы жасалмайтын.

Ендігі жерде, шеберлік сабағының арқасында мұндай көмек Қазақстанда да қолжетімді болып отыр. Бұл тек технологиялық серпіліс қана емес, сонымен қатар ең кішкентай пациенттерге көмек көрсетудің жаңа дәуірі – олардың емделуі үшін шекара асуға тәуелділіктен арылу кезеңі.

Шеберлік дәрісі аясында Астана, Шымкент және Алматы қалаларынан 10 отандық дәрігер біліктілігін арттырды.

Серіктес жаңалықтары