$ 540.87  632.01  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қостанай облысында жөнделген жолдың тоз-тозы шығып жатыр

Жолдың топырақ қабаты ауыр салмақты жүк көліктеріне есептелмеген

Қостанай облысында жөнделген жолдың тоз-тозы шығып жатыр
Фото: pixabay

Қостанай облысының Меңдіқара ауданында төрт жыл бұрын жөнделген жол жарамсыз күйге түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24KZ-ке сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындар оны қиыршықтас пен асфальт тасыған ауыр жүк көліктері бүлдіргенін айтады. «Бірақ аудандық әкімдік бақылаушы орган бәрін тіркемегендіктен, дәлел-айғақ жоқ», – дейді.

Меңдіқара ауданының орталығы Боровской кентінен Ұзынағаш ауылына дейінгі облыстық маңыздағы күрежолдың 27 шақырымы төрт жыл бұрын тақтайдай тегістеліп, жөнделген болатын. Ал қазір ойдым-ойдым, әр жері шұрық-тесік. Боровскойдан Ұзынағашқа дейінгі 60 шақырым аралықта бірнеше елді мекен бар. Сол ауыл тұрғындар көп жыл бойы жол азабын тартып келеді. Ал төрт жыл бұрын аудан орталығынан жөндеу жұмыстары басталғанда олардың қуанышында шек болған жоқ. Бірақ ол ұзаққа созылмады. 

«Былтыр Қараталдың жолын жөндеді. Сол КамАЗ-дар қиыршық тас, басқа да заттарды тасып, жолдың быт-шытын шығарды. Енді біз сорлап жатырмыз. Осы жолда көлігімді сындырып алдым», - дейді Теңіз ауылының тұрғыны Арман Сұлтанбеков.

Ал Жарқайың ауылының тұрғыны Сержан Сейдахметов  25 минуттық жолды бір сағат жүретіндерін айтып шағымданды.

«Жаңбыр жауса бітті дей бер, өзің де, көлігің де батпақ болады», - дейді ол.

Былтыр Ұзынағаш ауылынан кері қарай 28 шақырым жол жөнделді. Биыл тағы 5 шақырымы қалпына келтіріледі. Ал төрт жыл бұрын жөнделіп, жарамсыз күйге түскен қалған бөлігінің ой-шұңқыры бітеліп тегістелмек.

«Бұдан бөлек, осы жол учаскесінде Қасқат ауылына дейінгі бұрылыс жолдың да әбден тозығы жеткен. Екі жылдың ішінде соны толық жөндеп шығу көзделіп отыр. Қарамай, Шиелі ауылдары арқылы өтетін 24 шақырым бұл жолдың бойында көктемде көп су жиналады. Сондықтан қосымша су өткізгіш құбырлар салуды қажет етеді. Содан кейін барып қана бергі бөлікті бастан-аяқ қалпына келтіреміз», - деп түсіндірді Меңдіқара аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Арман Хасенов.

Арман Хасеновтың айтуынша, бұл жолдың топырақ қабаты ауыр салмақты жүк көліктеріне есептелмеген. Бірақ соны қанша айтсақ та, бақылаушы өкілетті орган анықтап, тіркеген жоқ деп отыр. Сондықтан мердігерге кінә арту қиын. Ал ресми мәлімет бойынша аудандағы көлік жолдарының 90% қанағаттанарлық жағдайда.

Серіктес жаңалықтары