Жамбыл облысында заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу үшін 11 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді
Қару тапсырған кезде азаматтар тек жеке куәлігін және жеке шоттың көшірмесін көрсетуі қажет
Жамбыл облысында халықтан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу үшін 11 млн теңгеге жуық қаржы бөлінетін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылдың 21 сәуірінен бастап Жамбыл облысында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша республикалық акция өткізілуде.
Аталған акцияны өткізу үшін республикалық бюджеттен 10 миллион 896 мың теңге бөлінді.
Акция аясында кез келген адам ішкі істер органдарының бөлімшелеріне барып, тіркелмеген қаруын өткізіп, ақшалай сыйақы ала алады.
Сатып алу – заңсыз сақталған барлық түрдегі атыс қаруына, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарға қатысты жүргізіледі.
«Қару үшін төленетін сома оның түріне, санатына және техникалық жағдайына байланысты, бір дана үшін 10-нан 100 АЕК-ке дейін (39 320 теңгеден 393 200 теңгеге дейін) болады.
Құралдың техникалық жай-күйіне қарай комиссия мынадай мөлшерде төлем жасайды: 1-санат үшін – 100%, 2-санат үшін – 70%, 3-санат үшін – 30%.
Қару тапсырған кезде азаматтар тек жеке куәлігін және жеке шоттың көшірмесін көрсетуі қажет.
Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады», - делінген облыстық ПД хабарламасында.