Қызылорда облысында заң бұзған 177 шетел азаматы елден қуылды
Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзған 276 шетелдік анықталды
Қызылорда облысында ҚР халықтың көші-қон саласындағы заңнамасынбұзған 177 шетел азаматы елден қуылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өңір аумағына түрлі мақсатта келген 4142 шетел азаматтары уақытша тіркеуге алынды, оның 4093 ТМД елдерінен, ал 49 алыс шетелдерден келгендер.
«Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуымен 276 шетелдік анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 517 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 105 шетелдіктің заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруына байланысты 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әкімшілік жолмен республика аумағынан 177 шетелдік шығарылды.
Шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамадарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың ҚР-ның халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 181 ҚР-ның азаматына ҚР ӘҚБтК-нің 518 бабы бойынша және шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабымен 27 Қазақстан Республикасының азаматына әкімшілік шара көрілді», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзған шетел азаматтарын анықтау бағытында жұмыстар атқарылуда.