Жамбыл облысында шенеунік жүк көлік иелерінен бірнеше рет ірі көлемде пара алғаны үшін сотталды
Кедергісіз жүріп-тұрғаны үшін 100 мыңнан 450 мың теңгеге дейін бірнеше рет пара алған

Жамбыл облысында Көліктік бақылау инспекциясының басшысы міндетін атқарушы Д.Кемелов бірнеше рет пара алғаны үшін сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Антикор мәліметінше, осы жылдың 20 наурызында Тараз қаласының соты Д. Кемеловке қатысты үкім шығарды.
«Шенеунік жүк автомашиналарының иелері мен жүргізушілері М. Мамыровтан, Н. Абдуллаевтан және Е. Қанатовтан облыс аумағы бойынша кедергісіз жүріп-тұрғаны үшін 100 мыңнан 450 мың теңгеге дейін бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Мамыров пара берумен қатар, Абдуллаев пен Қанатовтан Кемеловтің пара алуына делдал болған.
Кемелов 6 жылға, Мамыров 3 жылға бас бостандығынан айырылды, пара берушілер Абдуллаев пен Қанатовқа әрқайсысына 5,6 млн теңге айыппұл тағайындалды.
Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ», - делінген Антикор хабарламасында.
Айта кетейік, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.