Астанаға өткен жылы 1,5 млн турист келді
2024 жылы елордада 168 халықаралық деңгейдегі іс-шара өтті

2024 жылы елорда 1,5 миллион туристі қабылдады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов туристер негізінен Ресей, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Корея елдерінен келетінін айтты.
«Бизнес-туризм мен медициналық туризм қарқынды дамып келеді. Ерекше назар оқиғалық (ивент) туризмге бөлініп отыр. Сонымен қатар, гастрономиялық және мәдени-спорттық туризмге басымдық берілуде.
Жалпы, 2024 жылы елордада 168 халықаралық деңгейдегі іс-шара өтті. Олардың қатарында ШЫҰ, ВИК, Automechanika, Enactus, Comic Con және басқа да маңызды шаралар бар.
Биыл 300-ден астам мәдени-спорттық шара өткізу жоспарланып отыр», - дейді басқарма басшысы
Астанада туризмнің тұрақты дамуы үшін мынандай міндеттер қойылып отыр:
* халықаралық бизнес, оқиғалық және спорттық-бұқаралық іс-шараларды тарту;
* медициналық және гастрономиялық туризмді дамыту мен ілгерілету.