Үш рет түшкіріп, инсульт алды: мидың қан айналымы бұзылған
Түшкіргеннен кейін басы айналып, жүрегі айныған

Калифорнияда 35 жастағы Ян Эпплгейт қатты түшкіргеннен кейін инсульт алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Газета.RU-ға сілтеме жасап.
Оқиға ақпан айының басында болған. Ян әйелі Дженнифер мен төрт жасар ұлы Джонмен бірге көлікте отырған кезде кенеттен қатты түшкіре бастайды. Үшінші рет түшкірген сәтте басы қатты ауырып, сол жақ денесі ұйып, басы айналған.
«Денемнің бүкіл сол жағы ұйып қалды, мен инсульт алғанымды түсіндім. Ауырғаны соншалық, шыдай алмадым, қатты жүрегім айныды», – дейді ол Daily Mail-ге берген сұхбатында.
Янды жедел түрде ауруханаға жеткізіп, қанды сұйылтатын дәрі-дәрмек берген. Дәрігерлердің айтуынша, түшкіру кезінде ұйқы артериясының ішкі қабаты жарылып, нәтижесінде қан ұйығы пайда болған, салдарынан мидың қан айналымы бұзылған.
Қазір ол оңалту терапиясынан өтіп жатыр. Ал оның әпкесі Ванесса Янның емін төлеуге көмектесу үшін қаржы жинау науқанын ұйымдастырған.
«Мұндай нәрсе болуы мүмкін деп ешқашан ойламаппын. Қазір түшкіруден қорқамын, бірақ позитивті болып, қалпыма келуге тырысып жүрмін», – дейді Ян.
Медицина мамандары түшкіру – мұрынның тітіркендіргіш бөлшектерге табиғи жауабыекенін айтады. Бірақ сирек жағдайларда қабырғалардың сынуына, өкпенің зақымдануына немесе тіпті ми тінінің жарақаттануына әкелуі мүмкін.