Қаскелеңде түнгі уақытта жартылай жалаңаш күйде шу шығарған екі шетелдік істі болды
Оларға қатысты сот үкімі жарияланды

Алматы облысының соты Қаскелең көшелерінде түнгі уақытта жартылай жалаңаш күйде айғайлап жүрген екі шетелдікке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оларға қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалды.
«22 ақпан 2025 жылы түнгі 02 сағат 00 минут Т. және Р. ортақ туысының туған күнін атап өтіп, мас күйінде олар Карасай ауданы, Қаскелең қаласының Алтын ауыл шағынауданның ауласына жартылай жалаңаш болып шығып, қатты айқайлай бастаған, осылайша азаматтардың қоғамдық тәртібі мен тыныштығын бұзды.
Сотта сотталушылар өз кінәларын мойындап, кешірім сұрап, жасаған әрекеттеріне өкінді», - делінген облыстық сот хабарламасында.
Сот оларды кінәлі деп танып, әрқайсысын 15 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды.